«ОйнаIQ» жобасы көрерменге жаңа форматта жол тартты

  • 6
  • 30.03.2026, 21:56

«Хабар» арнасының эфирінде «ОйнаIQ» жобасы көрерменге жаңа форматта жол тартты. Жаңа маусымда интеллектуалды викториналық ойын аптасына бір рет емес, 5 рет шығатын болды. Ал әрбір дарынды қатысушы олжалы болмақ. «ОйнаIQ» жобасының жеңімпаздары күніне 100 мың теңге, ал айына 2 миллион теңгені ала алады. 

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, жаңа маусымдағы «ОйнаIQ» жобасы да бұрынғыдан ерекше. Ең алдымен, өздеріңіз байқап отырғандай, интеллектуалды викториналық ойынды білімді әрі дарынды тележүргізуші Дарын Олжабай тізгіндейді. Жобаның ойын шарты да жаңарған. Қатысушылар саны артқан. Енді бағдарлама аптасына бір рет емес, дүйсенбі мен жұма аралығында, яғни аптасына бес рет эфирге шығады. Бір сағатқа созылатын бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Бірінші бөлімде жүргізуші мен қатысушылар бір-біріне қарсы ойнайды. Бұл кезеңде қатысушылардың зияткерлік білімі сынға түседі. Ал екінші бөлімде қатысушылар телекөрермен жолдаған сұрақтарға жауап береді.

Қаламқас Аңдасбек, жоба продюсері:

- Бұл жерде кез келген телекөрермен Қазақстанның түкпір-түкпірінен бізге сұрақ қояды. Егер сол сұраққа қатысушы дұрыс жауап беретін болса, жүлде қоры 10 мың теңге қатысушыда қалады. Ал егер дұрыс жауап бермейтін болса, сол 10 мың теңге телекөрерменге кететін болады. Ал үшінші бөлім – ең өзекті бөлімдердің бірі. Бұл жерде капитандар сайысы.

Дәл осы кезең – ең шешуші сәт. Егер топбасшы жүйрік, алғыр әрі логикалық ойлау қабілеті жоғары болса, команда жеңістен құралақан қалмайды. Бүгінгі ойында екі топ та тартысты ойын көрсетті. Алайда жүлде қоры – 100 мың теңгені білікті әрі білімді топ жеңіп алды. Жаңа маусымдағы жобаның басты ерекшелігі де осы.

Қаламқас Аңдасбек, жоба продюсері:

- Бұл жолы ең бастысы, дарынды жандарды олжалы қайтарамыз. Ақшалай сыйлық күндігіне 100 мың теңге, аптасына 500 мың теңге біз таратамыз. Ал айына 2 млн қаражат көрерменге яғни қатысушыға кетеді.

Көрерменге ой салар әрі қызықты бағдарлама техникалық жағынан да сапалы әрі ұтымды болуы тиіс.

Әйгерім Сағымбаева, жоба режиссёрі:

- Бағдарламамызға келіп қатысамыз деген көрермендеріміз көп және де техникалық тұрғысынан режиссерлық жағынан жаңа бэкграундтар жасалған, LED-тер қосылған. Тағы да айта кететін болсақ, енді адам саны көп болғандықтан, кішкене көп камералы методпен түсіріліп жатыр. Яғни техникалық жағынан сапалы контент жасағанға барлық мүмкіндігіміз бар.

Сонымен білімді әрі білікті азаматтар қатыса алатын «ОйнаIQ» жобасы күнделікті сағат 13:00-де «Хабар» арнасында! 

Алуа Маханбет, Қанат Әбілдин