«XXI ғасыр көшбасшысы»: 6 үздік оқушы ақтық сынға жолдама алды

  • 7
  • 17.08.2026, 19:58

«XXI ғасыр көшбасшысы» бағдарламасының жартылай финал ойындары аяқталды. Нәтижесінде 6 үздік оқушы ақтық сынға жолдама алды. Сарапшылардың айтуынша, ойын өте тартысты өткен. Бұл пікірді балалардың ата-аналары, ұстаздары, жанкүйерлері түгелдей растап отыр. Алда финал. Бас жүлдеден финалға шыққан түлектердің бәрі бірдей үмітті.   

Қанат Нұрқанат, Саят Қалтай, Зағипа Құттыбай, Дәурен Асылхан, Нұрымбек Асқарбек, Рамазан Әбдіразақ. Жартылай финалда үздік ойын өрнегін көрсетіп, ақтық ойынға шыққан осы өрендер. Барлығы дерлік биыл мектеп бітірді. Таңдауларын жасап қойған. Бірі жаратылыстану-математикалық бағытта, енді бірі қоғамдық-гуманитарлық саланың маманы болғысы келеді. 

Асқарбек Нұрым, «Зерделі» халықаралық мектебінің түлегі (Астана):

- ҰБТ-да таңдаған бағытым – дүниежүзі тарихы және ағылшын тілі болғандықтан, гуманитарлық пәндерден жақсы нәтиже көрсеттім. Бұған дейін өткен сайыстарды көріп, соның арқасында бұл жобамен, былайша айтқанда, таныс болдым. Соның арқасында сұрақтардың көбісіне мүдірмей, тез жауап бере алдым.

Жартылай финалда ойынның тартысты болғаны соншалық, түлектер бір-біріне дес бермеді. Айырмашылық 1-2 балл ғана болды.

Қанат Нұрқанат, «білім-инновация» лицейінің түлегі (Тараз):

- Жалпы ойын өте жоғары деңгейде өтті. Бұны менің құрғақ сөздерім ғана емес, қарсыластарымыздың ұпайы мен біздің ұпайымыздың арасындағы айырмашылық та көрсетіп береді деп ойлаймын. Бірінші орын иегері – 29 балл, екінші орын – 28, ал менен кейінгі үшінші орын иегері 27 балл жинады. Көріп тұрғандарыңыздай, біздің финалға жолдама алуымыз бен алмауымызды небәрі бір балл ғана шешіп кетті.

Бағдарлама төрт кезеңнен тұрады. «Сөре», «Қарқын», «Бақ пен бап», «Мәре».  Сөре кезеңінде 30 сұрақ балалардың барлығына бірдей қойылады. Кім бірінші болып түймені басады, сол жауап береді. Қателесіп жатса, кезек келесі оқушыға ауысады. Қарқында ұяшықтарды ашу арқылы өздеріне тиесілі сегіз ұпайды алады. «Бақ пен бапта» бір минуттың ішінде 15 сұрақ қойылады. Мәре кезеңінде әр дұрыс жауапқа 2 ұпайдан 4 ұпайға дейін беріледі. Биылғы ерекшелік – соңғы бөлім жасанды интеллектпен жасалды. 

Өміртай Еділханұлы, сарапшы:

- Мынау жартылай финалда жан алысып жатыр кәдімгідей, финалға шығу үшін. Бұл жерде оқушылардың өздерінің нақты жауап беруін бір-бірінен талап етіп, әрі қандай да бір нақты сөздер жетіспей қалса, «ол толық айтқан жоқ қой» деген сияқты тартыс туып жатыр. Бұның өзі адамның көңілін кәдімгідей көтеріп, қуантатын жағдай.

Бұл дода жылдам ойлау, шешім қабылдай білу дағдыларын талап ететін бәсеке. Мақсат ؘ– зияткерлік деңгейі жоғары, көшбасшылық қасиеті дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу. Оған қоса сайыс дарынды жастарға қолдау білдіреді. 

Досымбек Қонысбекұлы, тележүргізуші:

- «XXI ғасыр көшбасшысы» бағдарламасы жалпы бүгінгі қазақ қоғамына, қазақ жастарына өте қажет бағдарлама деген сенімдеміз. Оқушылардың, ойыншылардың берген жауаптарына қарап, көптеген мәселеде айызың қанып, осындай керемет білімді жастардың өсіп келе жатқанын көріп қуанасың.

Енді ақтық сын бұдан да тартысты өтетіні сөзсіз. Барлығы жеңімпаз болғысы келеді. Алғашқы үш жүлделі орынға Ғылым және жоғары білім министрлігі білім грантын табыстайды. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон