Сағат 20:00-де Құрылтай сайлауы қарсаңындағы еліміздегі «Басты теледебат» өтеді. Орталық сайлау комиссиясының тапсырысымен ресми іс-шараны «Хабар» Агенттігі» ұйымдастырып отыр. Пікірсайыс «24KZ» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Саяси науқанның қорытынды дебатына дайындық қалай? Оның ерекшелігі неде?
Қазір Құрылтай сайлауы алдындағы теледебатқа дайындық қызу жүріп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы «Хабар» Агенттігіне» пікірсайыс өткізу міндетін жүктеген соң Агенттік ұжымы бірден іске кірісті. «Қазмедиа орталығында» арнайы алаң құрылған. Бұған дейін апта сайын үш телеарнада дебат өтіп, оған 7 партияның өкілі қатысқан еді. Ал «Хабар» Агенттігінде» өтетін бұл пікірсайыстың өз ерекшелігі бар.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Біздің дебаттың ерекшелігі – партияның төрағаларының қатысатындығында. Сондықтан да осы біздің арнада өтетін дебатты біз «Басты дебат» деп атап келеміз. Сонымен қатар бірнеше ерекшеліктері бар. Осы дебатты ұйымдастырған кезде әр партияның штабында өздерінің, сол партияның жақтаушылары жиналады. Сол әр штабтың ішінде біз түсірілім ұйымдастырып, сол дебат болып жатқан кезінде партияның жақтастары қолдауларын қалай көрсетіп жатыр, қаншалықты белсенді сол дебатқа атсалысып жатқандарын көрсетеміз.
Сонымен қатар арнада байланыс орталығы ұйымдастырылған. Оған бір апта бойы қазақстандықтар және шетелдегі отандастарымыздан сұрақтар келіп жатыр. Қазіргі уақытта байланыс орталығына 10 мыңнан астам сауал түскен.
- Дебаттың бір ерекшелігі – оның бір раунды халықтың сұрақтарына арналады. Сондықтан әр аймақтан келіп жатқан сұрақтарды видео және мәтін түрінде партия көшбасшыларына қоюға болады.
«Басты теледебат» тақырыбы – «Дамыған экономика – қуатты қоғам». Бүгінгі пікірсайысқа 150 адам қатысады. Бұл бұған дейінгі өткен дебаттарға қарағанда ең көп адам жиналатынын білдіреді. Әр партиядан 20 шақты жақтаушы келеді. «24KZ» телеарнасында өтетін дебатта партиялардың сөз сөйлеу кезегі де анықталды. Жеребе нәтижесі бойынша пікірсайысты «Республика» партиясы бастайды. Одан әрі кезегімен «Байтақ», «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Әділет», «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» және «Қазақстан Халық партиясы» сөз тізгінін алады.
Агенттік «Басты теледебатқа» дайындық кезінде жаңа технологияны пайдаланған. Кешегі жеребе алу рәсімінде жасанды интеллект мүмкіндігі қолданылды.
Зохиджон Хаджиметов, «Хабар» Агенттігі» АҚ бас режиссері:
- Біздің кешегі өткен жеребеде жасанды интеллект жұмыс істеді. Жеребені жасанды интеллект арқылы бердік. Бүгінгі эфирге дайындаған өте көп ерекшеліктеріміз бар. Олардың барлығын тікелей эфирде көретін шығарсыздар. Техникалық жағынан болсын, операторлық, режиссерлік жағынан болсын бүгінгі заманға сай етіп жасауға тырыстық.
Партия төрағалары бұл пікірсайыста үгіт-насихат науқанын қалай қорытындылайды? Халыққа сайлауалды бағдарламаларын қалай жеткізіп, қандай бастамалар көтереді? Бұның бәрін сағат 20:00-де «24KZ» арнасынан көре аласыздар. Саяси дода «24KZ» телеарнасының YouTube, Telegram, Instagram және TikTok желілеріндегі ресми парақшаларында да көрсетіледі.
Құралай Жұмахан, Руслан Тәуірше