«Жұлдызды жекпе-жек» тележобасының түсірілімі басталды

  • 7
  • 20.08.2026, 19:33

Әншілер «Жұлдызды жекпе-жекке» шығады. Көрерменнің көзайымына айналған жоба қайта оралды. «Хабар» арнасынан көрсетілетін тележобаның бесінші маусымының түсірілімі басталды. Өнерпаздардың дайындығы қызу. Жеңіске деген құлшынысы жоғары. Халықтың сүйікті бағдарламасы көрерменге қандай тосынсый әзірледі?

Көрерменнің жүрегінен орын алған жобаның ұйымдастырушылары күндіз-түні түсірілім алаңында жүр. Біраз уақыт үзілістен кейін эфирге қайта оралған бағдарлама жаңалық пен тосынсыйға толы. Өткен маусымдарда жеңіске жете алмаған қатысушыларға осы жолы қайта бақ сынауға мүмкіндік беріледі.

Гүлнұр Мамасарипова,  «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының бас продюсері:

- Менде қандай да бір сағыныш бар бұл жобаға. Бұл жоба нағыз творчествалық жоба ғой. Шығармашылық әншілер үшін. Келіп жатқан қаншама өнер адамдарының басы бір студияда тоғысып жатыр. Мерекенің атмосферасы бар.

Сарапшылар сапында жезтаңдай әншілермен қатар, елімізге танымал актерлер де бар. Сондықтан қатысушылардың әншілік шеберлігі ғана емес, сахналық образы мен өзін-өзі ұстауы да бағаланады.

Диана Исмаил, әнші:

- Бұл жоба бұрыннан келе жатқан жоба. Бұл қайтадан жаңғырып жатқанына қуаныштымын. Енді өзіміз қатысып жатырмыз. Үш ән айту керек, үшінші әніміз халық әні, жобаның сұрауы бойынша.

Әділет Жауғашар, әнші:

- Бүкіл өнер жұлдыздары өнер көрсеткен бағдарламада мен бүгін қолдаушы болып келіп отырғаныма өте қатты қуаныштымын. Бәлкім қатысушы болып қалатын шығармыз деген ойдамыз. Барлығына сәттілік ең бастысы. Бұл сезон өте қызық болатын сияқты.

Жобада барлығы 16 қатысушы. Олардың қатарында жас әншілер мен тәжірибелі орындаушылар бар. Ережеге сәйкес, өнерпаздар бір-бірінің әндерін жанды дауыста орындауы керек. Жаңғырған жоба жас орындаушылардың жұлдызын жағары сөзсіз. Айта кетейік, қатысушылар қатарында Абзал Үтешов, Диана Исмаил, Жарқынай Ханайым мен Ұланғасыр Қами сынды әншілер бар.

Авторлар: Бекзат Үшкемпір, Радик Жакупов.