«Хабар» Агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин қызметінен кетті
Ол бұл қызметке 2019 жылдың тамызында тағайындалған болатын. Ол отандық БАҚ саласының ірі менеджері ретінде «Хабарға» келіп, тек басқарушылық қызмет атқарған жоқ. Бірнеше маңызды жобаны көрерменге ұсынды. Соның бірі – «Ұлттық мүдде» авторлық жобасы.
Ерлан Бекхожин Агенттік қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлді. Соның арқасында биыл журналист қауының бірсыпырасы баспаналы болды.
Ерлан Бекхожин еңбек жолын осы «Хабар» арнасынан бастаған, бірақ оны басқаруға ел ағасы атанып, кемелденіп барып бір-ақ келді. Оның өзінде де тек төраға болып тағат тауып отырмады. Жеңін түре тастап, жобалар жасауға кірісті. «Ұлттық мүдде» атты авторлық жоба көрерменнің көкейінде жүрген сұрақтарды саланың бірінші басшыларына төтесінен қоятын алаңға айналды.
Оны отандық БАҚ саласының ірі менеджері санайды. Ол – өзіміздің ғана емес, өзгенің президенттерімен де, саясаткерлерімен де сүбелі сұхбат жасауда кәсіби маман. Ол «Хабарды» басқарған уақытта әсіресе жастармен жиі жүздесті. Себебі ол аға журналист ретінде Агенттіктің, отандық БАҚ-тың болашағы үшін алаңдайды.
Ерлан Бекхожин, журналист:
- Сіздер біздің болашағымызсыздар. «Хабар» Агенттігіннің келешегі сіздерге тікелей байланысты. Журналистика өзгеріп жатыр, мен сіздерді көріп, біздің болашақ ұрпақты не қызықтыратынын білгім келді. Жас журналистердің бойында екі маңызды нәрсені: қызығушылық пен енжарлықты тәрбиелеу маңызды. Журналистика – үнемі ойлануды қажет ететін мамандық.
Ол басшылық етіп тұрған тұста «Хабардың» атын иеленген тұтас тұрғын үй кешені бой көтерді. Агенттіктің қызметкерлері жеңілдікпен баспана алды. Есім-сойы елге белгілі Ерлан Бекқожин Агенттіктен кеткенмен, ақпарат айдынынан алыстамайтынына оны білетіндер сенімді.
Авторы: Гүлжан Марқабаева