«Хабар» арнасы көшпелі студияда «Референдумға барамын» телемарафонын өткізді
Референдум алдындағы телемарафон қазақ және орыс тілінде өтті. Оған мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және де Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сынды белгілі саясаткерлер келіп, жүргізушілердің сұрақтарына жауап берді. Алда тұрған маңызды науқанның мән-маңызына тоқталып, өзгерістер жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.
Риат Шони, тілші:
- Референдум төңірегіндегі тақырыптар «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған көшпелі студияның ішінде қаузалды. Бұндай тікелей эфирде қоғам қайраткерлері, саясаткерлер және де өзге де қазақстандықтар алда күтіп тұрған дауыс беру науқанын талқылайтын болады.
Референдум. Соңғы айлары бұл ұғым саясаткерлер аузынан, ел арасында жиі естіліп жүр. Алда тұрған науқанда «Біз не үшін дауыс береміз?» деген сұрақ та жұртшылықты толғандырады. Бұған жауап беру үшін үгіт-насихат жүргізудің соңғы күні «Хабар» арнасы көшпелі студия құрып, ел билігінде жүрген саясаткерлермен сұхбат құрды. Тұщымды жауаптар алынып, Ата Заңға енгізілгелі отырған өзгерістер жіті талқыланды.
Алексей Лодочников, блогер:
- Әрине, жай ғана бір ғимаратта отырып, хабар таратсақ, оны қарапайым халық кей кезде көре алмайды. Ал енді елорданың дәл ортасында осындай көшпелі студия құрып, тікелей эфирде референдум жайлы, жалпы Қазақстан жайлы ақпарат тарату, әрине, дұрыс.
Көгілдір экранда барлығы әдемі көрінгенімен, кадр сыртында қыз-қыз қайнаған жұмыс. Операторлар, гримерлар, монтаж инженерлері, продюсерлер барлығы да эфирдің сәтті өтуін қадағалауда. Телемарафон тізгінінде белгілі журналистер – Дархан Әбдіуахит, Ләйлә Сұлтанқызы, Айгүл Мүкей және Денис Кривошеев.
Дархан Әбдіуахит, телемарафон жүргізушісі:
- Біз эфирге шығуын шығып жатырмыз ғой. Бірақ негізгі қиындығы студияны көшеге орналастыру болды деп ойлаймын. Бұл – өте қиын шаруа. Бірақ біздің мамандар күні-түні еңбек етіп, осыны техникалық тұрғыда жабдықтап алып шықты. Бұл – бір ерекшелік.
Мадина Бүркітбаева, «Хабар» телеарнасы бағдарламалар өндірісі бөлімінің жетекшісі:
- Әрине, біраз қобалжыдық. Бірақ жақсы өтіп жатқан сияқты. Эфир сыртында да жұмыс тобы сондай көңілді. Мерекелік көңіл-күй бар.
Жалпы «Хабар» арнасының көшпелі студиясында телемарафон 8 сағат тікелей эфирде жүрді. Алғашқы қонақ Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов болды. Төменгі палата спикері алда тұрған маңызды науқанның мән-маңызына тоқталып, өзгерістер жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- «Хабар» Агенттігі құрған бүгінгі студияның символикалық мәні бар. Міне, көшеде тұрғындар, жерлестеріміз жүр. Біз оларды көріп отырмыз. Ортамызда қабырға жоқ. Бұл ашықтықтың белгісі деп ойлаймын. Қабырға да жоқ, бөгет те жоқ, шектеу де жоқ.
Бұл Мәжіліс төрағасының тікелей эфирдегі алғашқы сұхбаты болды.
Жалпы телемарафон аясында еліміздің өзге аймақтарынан да тікелей қосылымдар болып, зиялы қауым өкілдеріне, қарапайым қазақстандықтарға да сөз берілді.
Берік Уәли, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:
- Мұндай телемарафонды «Хабар» арнасының студиясында, сол үйреншікті жеріміз Қазмедиада өткізуге болатын еді. Бірақ басты ерекшелік – марафонның әйнек шынының ішінде өтуі. Бұл – референдум кезінде дауыс беру қағаздары салынатын әйнек қой. Сондай атмосфераны беріп, халыққа өзгеше форматта ұсындық. Халық жылы қабылдап жатыр деп ойлаймын.
Сондай-ақ 8 сағат қазақ және орыс тілінде жүрген телемарафонға мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және өзге де саясаткерлер мен депутаттар қатысып, референдум жайлы өз пікірлерімен бөлісті. Ата Заңға қандай өзгерістер енгізу ұсынылғаны жайлы айтып, халыққа түсіндіріп берді.
Авторлары: Риат Шони, Дархан Кунтуов