Түркиядағы шерулер кезінде Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ. Анкарадағы бас консулдық пен елшілік қызметкерлері қазақстандық студенттер мен туристерге халық жиналған және наразылықтар өтетін жерлерге бармау керегін ескерткен. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин айтты. Одан бөлек, Ыстамбұл, Измир, Анталия қалаларында да біздің бас консулдықтар жұмыс істейді. Еске сала кетейік, 19 наурызда Ыстамбұлдың оппозициялық мэрі Экрем Имамоғлы қамауға алынғаннан кейін түрік лирасы құлдырап, халық арасында наразылық туындаған еді.
Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
-Қазір қанша қазақстандық Түркияда екенін нақты айта алмаймын. Бірақ сол елде жүрген азаматтарымызға сақтық шараларын сақтауды ұсынамын. Мен оқыған ақпаратқа сүйенсек, азаматтар оттың ортасында отырып, екі шақырым жерге қол жүктерімен барғанымен, наразылықтар мен шерулердің кесірінен кері қайтуға мәжбүр болған. Жалпы айтарым саяхатқа шықпас бұрын жағдайды бақылап, шешім қабылдаған дұрыс.