Коронавирус: Әлем елдері қауіпсіздік шараларын күшейтті
Салдарынан соңғы бір айда әлем елдерінің экспорты 50 млрд долларға қысқарған.
Осылайша ғаламдық өндіріс тізбегі тұралап барады. Сарапшылардың айтуынша, машина жасау, техникалық құрал-жабдық және телекоммуникация салалары зардап шегіп жатыр. Жалпы Уханьнан тараған вирусты әлемде 93 мыңнан астам адам жұқтырып, оның 3 300-ге жуығы көз жұмды.
Гурмит Сингх – Нью-Йорктегі әйгілі сары такси жүргізушісі. Коронавирус тарағалы бері күнделікті табысы айтарлықтай азайған. Туристер көп емес, ал тұрғындар үйден шықпауды жөн көреді. «Мұндай жағдай 11 қыркүйектегі терактіден кейін де болған емес», – дейді ол.
Гурмит Сингх, такси жүргізушісі:
- Күллі әлем дүрлігіп тұр. Ал біз оның кесірінен табыстан қағылдық. Бірнеше сағат бойы айналып жүріп, адам таппадым. Қазір олар далаға шықпайды, әуежайға, вокзалға да бармайды. Табысым шашамен 60% қысқарды.
Уханьнан тараған коронавирус Манхэттенге де жетті. Нью-Йорк штатының өзінде оны 11 адам жұқтырған. Ал Калифорнияда СOVID-19 анықталғандар саны 50-ден асып, төтенше жағдай жарияланды. Жалпы АҚШ-та инфекция кемінде 150 адамнан табылып отыр.
Рим мейрамханалары бос. Аялдамада автобус күткендер жоқтың қасы. Бұл – тұрғындардың көзі үйренбеген құбылыс. Вирустың Еуропадағы ошағына айналған Италия сақтық шараларын күшейтті. Ел бойынша барлық мектеп пен университет жабық, қоғамдық орындарда адамдар бір-біріне бір метрден кем қашықтыққа жақындамауы тиіс. Ал сәуірге дейін елдегі барлық спорттық шара көрермендерсіз өтпек.
Коронавирусқа қарсы шараларды Таиланд та күшейтіп отыр. Мұнда шетелден келген сәлемдемелер де залалсыздандырыла бастады. Дерттен қорғану үшін қол алысып амандасудан бас тартқандар да бар. Алайда сақтық шаралары мұнымен шектелмейді.
Соңғы уақытта көптеген елде бетпердеге деген сұраныс артқаны белгілі. Тапшылық бар. Соған байланысты Оңтүстік Корея мен Ресейде оны шетелге экспорттауға шектеу қойылып отыр.
Індеттің белгілері анықталған елдер қатарына Андорра, Иордания, Латвия, Польша, Португалия, Аргентина, Чили қосылды.
Ал Қытайдың өзінде өлім-жітім азайып келеді. Өткен тәулікте коронавирусты 119 адам жұқтырып, 38-і қайтыс болды. Осы уақытқа дейін 50 мыңдай азамат емделіп, ауруханадан шығарылған.
Авторы: Меруерт Жақан