Сәтбаев қаласының тұрғыны, Евгений Соколовский қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, Абай мен Мұқағали жырларын жатқа оқиды. Қазақша ән де шырқайды. Жас маман қазір қалалық білім бөлімінде әдіскер болып еңбек етеді. «Тіл білгенімнің арқасында жұмыста қиналмаймын», - дейді Евгений Соколовский. Ол қала мектептерінде жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу жұмыстарына жауапты, тіпті қазақ сыныптарында ағылшын тілінен сабақ береді.
Евгенийдің ұлты - орыс, мамандығы - ағылшын пәні мұғалімі. 3 тілді меңгергенімен, «Жаныма жақыны қазақ тілі», - дейді. Оның айтуынша, қазақ тілін үйренуге араласқан ортасы әсер еткен. Осының арқасында жас маман қазірдің өзінде жауапты қызмет атқарып жүр.
Евгений Соколовский, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
- Адамдар арасында, достар арасында ақырын-ақырын қазақ тілінде сөйлеп жүрдім. Қалай дұрыстап айту керек екенін үйрендім. Бірақ әрине көп қателер болды. Менің ойымша Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі керек. Біздің білім бөлімінде бүкіл жұмыс қазақ тілінде, әртүрлі хаттарды осы тілде жазып жүрмін. Мектептерге әдістемелік нұсқаулық хаттар беремін.
Евгений «Тілді меңгеру үшін ең алдымен ниет пен сол тілге деген сүйіспеншілік болуы керек»,- дейді. Қызметтен қолы қалт еткенде ол тіл байлығын дамыту үшін көркем шығармалар оқиды. Соның арқасында ұлттық өнер мен әдебиетке қызығушылығы артқан.
- Бос уақытымда қазақ тілінде кітаптар оқимын. Әндер айтамын. Біздің қазақтың жазушылары: Мұқағали Мақатаев,Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин шығармаларын жақсы білемін.
Евгений Соколовкий негізгі жұмысынан бөлек, мектепте қазақ сыныбына ағылшын пәнінен сабақ береді. Түрлі әдеби және мәдени шараларға тұрақты қатысады. Мақсаты мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу. Оның бұл қасиетін әріптестері де жоғары бағалайды.
Айсұлу Шакина, Е. Соколовскийдің әріптесі:
- Бізбен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Тілімізге деген құрметі ерекше екенін байқаймыз. Ізденіп отырады. Мысалы, жазылған хаттарды, ақпараттарды сауатты беруге тырысады. Жазған жұмысын қайта қайта қарап бірнеше рет тексеріп барып жібереді.
Евгений қазір әріптестерімен бірге мектептегі жасанды интелект тілін қазақшалау, оны оқу бағдарламасына енгізу жұмыстарын жетілдіріп жүр. Жас маманның еңбегі бағаланып жақында «Тіл шебері» деп аталатын облыстық байқауда жеңімпаз атанды.
Авторы: Елдос Какенов, Гүлшаһар Серікбаева