Қазақстан көші-қон саясатын толық цифрландыруға көшті

  • 5
  • 11.09.2026, 18:34

Қазақстанда Заң мен тәртіп орнығып келеді. Әсіресе құқықтық тәртіптің сақталуын күшейту мақсатында бірнеше салаға цифрлық технологиялар енгізілді. Мәселен, елімізде көші-қон саясаты  оңтайландырылады. Жаңа модельдің бір маңызды бағыты барлық рәсімдерді цифрландыру болып отыр. Платформа арқылы өтініш беру, құжаттарды тексеру, азаматтың мәртебесін бақылау бір жүйеге біріктіріледі. Яғни, бірнеше мемлекеттік органға жүгінуді қажет ететін әрекеттер, біртіндеп «бір терезе» қағидатына ауысады. Мамандар бұл тек шетелдіктер үшін емес, мемлекеттік органдар үшін де маңызды өзгеріс дейді. Былтыр елімізде 14 мыңнан астам шетелдік азамат еңбек етті. Ал өзге мемлекеттен келіп білім алатын студенттер саны 35 мыңға жуық, туристік және іскерлік мақсатпен келген азаматтар саны 13 млн-ға жетеді. Сала жұмысын цифрландыру көші-қон ағындарын нақты есепке алуға, шетел азаматтарының заңсыз көші-қон тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгін ғана еліміздің ішкі істер министрі Қазақстан мен Түркия арасындағы реадмиссия туралы келісімге қол қойды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл құжат екі елде заңсыз жүрген шетел азаматтарын өз еліне қайтару тәртібін реттейді. Тараптар бұдан бөлек киберқылмысқа қарсы күрес, көші-қон қауіпсіздігі және кадр даярлау бағыттарындағы ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.