Өзбекстанда Ораза айттың 3 күні мемлекеттік мереке деп жарияланды
Аудандық мешіт имамы Мұхамедякуб Абдулхәкімов кейінгі кезде елде баспана мәселесі қиындап кеткенін айтады. Мұқтаждарды үймен қамтуға мемлекеттің мүмкіндігі жетер емес. Алайда әрдайым көмек қолын созатын кәсіпкерлер табылады.
Мұхамедякуб Абдулхәкімов, мешіттің наиб-имамы:
- Ауданымызда таяуда үлкен қайырымды іс жасалды. Осы өлкеде туып-өскен ірі кәсіпкердің бірі 30 отбасыға тегін баспана сатып алып берді. Баршасының разылығын алды. Бұған дейін шағын жер учаскесінде тұрып келген жандар бір мезетте зор қуанышқа кенелді.
Өзбекстандағы мешіттер тарауихқа тыңғылықты дайындалады. Күллі мұсылманға сүннет саналатын намаз кезінде көшелер жабылып, кедергісіз құлшылық етуге жағдай жасалады.
Жалпы көршілес мемлекет ислам мәдениетінің ежелден бергі орталығы саналады. Әсіресе Бұхараның мұсылман әлемінде алар орны ерекше. Онда діни қайраткер, ғалым Имам әл-Бұхари дүниеге келіп, Құран хадистерін зерттеген. 2020 жылы бұл қала Ислам мәдениетінің астанасы деп те жарияланды.
Рауан Мыңбаев тілші:
- Дін жолын берік ұстанған өзбек елі Рамазанның кейінгі онкүндігінде ғана емес, тұтас ай бедерінде бір-біріне жақсылық жасауға ұмтылады. Қайырымды іске бай-бағландармен қатар, қарапайым кәсіпкерлер де үн қосады. Мәселен, кез келген жердегі дүкеннен ауыз бекіткендерге су тегін таратылады. Сөйтіп бизнес иелері де сауапқа кенеледі.
Елде туабітті жүрек ақауы бар балалар көп. Мәселе жылдан-жылға күрделене түсуде. Ата-аналарының қымбат операция жасатуға қаржысы жетпейді. Таяуда жергілікті клиникалардың біріне 50 баланың еміне қажетті қаржы аударылды.
Шахноза Якубова, жеке клиниканың қызметкері:
- Жеке мекеме болғандықтан, операция әдетте ақылы түрде жасалады. Бірақ Рамазан айында балалардың еміне қолдау көрсетемін деушілер табылды. Жүрек ақауы бар 50 жеткіншекті тізімге алдық. Бұған дейін де мұндай операциялар жиі жасалып тұратын. Кәсіпкерлер үнемі көмек көрсетеді.
Өзбекстан қасиетті айдың мәртебесін заң тұрғысынан бекіткен. Мемлекеттік күнтізбеде Ораза айт күндері ресми демалыс деп жарияланды. Діни туризмді дамытуға арналған қосымша шаралар да қабылданды.
Камола Икрамова, әуе компаниясының баспасөз хатшысы:
- Жолаушыларға 50% мөлшерінде жеңілдік жасап отырмыз. Бұл бір жағынан, ел ішіндегі діни туризмді дамытуға сеп. Жұрт 3 күн демалыста Өзбекстанның киелі жерлерін аралап, рухани күш-жігерін толықтырып қайтады.
Рамазанда құлшылық етіп, бір-біріне қол ұшын бергендер мол сауапқа кенеледі. Он екі айдың сұлтанында ігргелес елде жасалған ізгі амалдар осындай. Кәсіпкерлер қайырымды істерін алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов