Грузияда туризм саласы қалпына келе бастады
Халықаралық рейстердің жартысынан астамы қайта іске қосылған. Жергілікті кәсіпкерлер де жағдайдың біртіндеп оңалып келе жатқанын айтады.
Туристер – табыс көзі. Сондықтан Грузияда қонақтарды үнемі жылы қабылдайды. Соңғы кезде бұл елде туризм қалпына келе бастады. Мысалы, маусым айында елге 300 мыңнан астам турист келді.
Русудан Джапаридзе, Гидтер қауымдастығының мүшесі:
- Бұрынғыдай емес. Егер пандемияға дейін кем дегенде 6 ай бұрын қандай тур керектігін біліп, алдын ала бізге тапсырыс беретін болса, қазір бір апта, тіпті бірнеше күн қалғанда тапсырыс беріп жүр. Барлығы алдын ала билет алудан қорқады.
Туристік бағдарларды өзгертуге тура келіп тұр. Операторлар қандай нысандар ашық екенін біліп, саяхаттауға болатын кешендер тізімін қайта құрастырып жатыр. Көбі таулы аймақ, мәселен, шарап жасаумен әйгілі Кахетияға баруды таңдайды. Қара теңіз жағалауында демалысты да ұнататындар көп. Алайда саяхаттар кем дегенде 30% қымбаттады. Бұған әлемде жанармай мен азық-түлік бағасының өсуі себеп болған. Ал мейрамханалар қонағынан айырылмас үшін бағаларын бұрынғы қалпында ұстап отыр.
Этери Датуашвили, мейрамхана қызметкері:
- Пандемия басталып, біз толыққанды жұмыс істей алған жоқпыз. Тек биыл ғана туристер саны артқанын сездік. Польша, Еуропа, Украинадан келеді. Қазақстаннан да өте көп.
Туристердің жартысынан көбі елге құрлықпен келеді. Бірінші орында көршілес – Түркия. Одан кейін Ресей, Армения, Израиль мен Украина. Қазақстандықтар үшін де биыл Грузия ең танымал орындардың біріне айналды.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Юлия Тужилкина