Оңтүстік Кореяда болашақтың көлігі таныстырылды
Тілші:
- Бұл - Кореяның алғашқы әуе таксиі. Салмағы жүз келідей, екі жолаушыны алып, көкте емін-еркін самғай береді. Жылдамдығы сағатына 95 шақырымға дейін жетеді. Егер осы жерден ұшса, Сеулдің орталығына дейінгі 20 шақырымды 15 минутта еңсереді.
Чо Бом Дон, ұшақ құрастыру компаниясының президенті:
- Бұл ұшқышсыз ұшақтың басты ерекшелігі – ол тек электр қуатымен жұмыс істейді. Оның бірнеше қозғалтқышы бар, егер біреуі істен шықса да діттеген жеріне жете алады. Үкімет пилоттық жобаларды іріктеп жатыр.
Тілші:
- Кореяда жасалған мына бір ұшқышсыз такси де көкке көтерілді, бірақ әзірге оның терезе, есіктері жоқ. Салмағы 150 келі, 150 килограмды көтере алады.
Ким До Вон, ұшу аппараттарын құрастыру компаниясының президенті:
- Біздің ұшақ пайдалануға дайын, бірақ Кореяда жолаушыларды пилотсыз тасымалдауға заң бойынша тыйым салынған. Біз оны экспорттауға дайынбыз. Осындай бір құрылғы шамамен 80 мың доллар.
Тілші:
- Әуе таксиіне отыру үшін мобильді қосымша арқылы рейске тіркелу керек. Содан кейін қалалық ұшқышсыз әуе көліктеріне арналған әуежайға бару керек.
Ұшатын таксиге арналған әуежайдың атауы - вертипорт. Билет қосымша арқылы сатылатындықтан, төлқұжат тексерісінен өтіп, отырғызу талонын көрсетудің қажеті жоқ. Вертипортқа кіре берісте жолаушының деректері бет-әлпет арқылы анықталып, бірден ұшаққа өтуге рұқсат етіледі. Яғни тексеріске көп уақыт кетпейді. Ал тыйым салынған заттар болса, оны арнайы сканер бірнеше секунд ішінде анықтайды.
Тілші:
Қалалық әуе көлігі тұрғындардың жол жүру уақытын 70% үнемдейді деген үміт бар. Екі жылдан кейін ұшқышсыз таксидің алғашқы жолаушылары Сеул мен жақын маңдағы қалалар арасында қатынай бастауға тиіс. Ал бес жылдан кейін мұндай көліктер Кореяның басқа аймақтарына да жетеді.
Авторы: Владислав Цой