АҚШ-та ЖИ технологиясы қарқын алды
Жасанды интеллект жобасын жасап жатқан түрлі компаниялар көбейіп барады. Алайда технологияның тез дамуы адамзат баласын тамсандарып қана қоймай, қорқытып та отыр. Кез келген тапсырманы орындай алатын чат боттар келешекте кейбір мамандық иелерін жұмыссыз қалдырып қана қоймай, адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін екені де айтылып жүр. Google-дің басшысы Сундар Пичай жасанды интеллектің тым жылдам әрі бақылаусыз дамып жатқанын айтып, халықаралық нормативтік базаны құруға шақырды. Ал Илон Маск бастаған жасанды интеллект бойынша сарапшылар тобы қоғам үшін қауіп төндіруі ықтимал деп нейрожүйенің жаңа буынын іске қосуды 6 айға шегеруге үндеп, ашық хат жазды. Оған 1000-нан астам адам қол қойды. Сарапшылар: «Мұндай жүйелер үшін арнайы қауіпсіздік ережелерін әзірлеу қажет», — дейді.
Нелло Кристианини, Бат университетінің ЖИ бойынша профессоры:
-Қазіргі қолданыстағы заңнаманы біз ондаған жылдар бойы жасанды интеллект құру үшін пайдаланып келдік. Енді не істейміз? Біз технологияны өзгертеміз немесе заңды өзгертеміз.
Бірқатар мемлекет жасанды интеллект құралдарыннан келетін қауіпті реттеумен айналыса бастады. Ұлыбритания өзінің ұстанымын сипаттайтын құжатты жариялады. Ал Еуропалық Одақтағы 27 елдің заң шығарушылары жасанды интеллект ережелерін кеңінен талқылап жатыр. Джо Байден әкімшілігі болса, ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдарын халыққа пайдалануға бермей тұрып, қауіпсіздігін тексеру үшін қатаң шаралар қабылдауды қарастырып жатыр.