Анкарада Қазақстан-Түркия достық саябағы ашылды
Түркияда жер сілкінгенде қираған қалаларды қалпына келтіруге Қазақстан көмектеседі. Мұны Анкарада Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің басшысы Мұстафа Шентоппен кездесуде мәлімдеді. Ерлан Қошанов Түркияда болған жойқын жер сілкінісі қазақ халқының қабырғасын қайыстырғанына тоқталып, көңіл айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен апат аймағында әлеуметтік ғимараттың құрылысы жоспарланып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Анкарада Қазақстан мен Түркия достығына арналған саябақтың ашылуына қатысты. Ол Анкараның тарихи орталығы Мамак ауданында орналасқан. Ауданы — 14 мың шаршы метр. Онда Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк жазба ескерткіштерінің көшірмелері, қазақтың ұлы ақыны Абайдың мүсіні мен ғұлама ғалым Әл-Фарабидің ескерткіші орнатылған. Саябақтың ашылуы Түркияның 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Күннен күнге, жылдан жылға біздің достығымыз нығайып келе жатыр. Ол қарым-қатынастың нығаюына үлкен ықпал етіп отырған біздің мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған мырзалар. Бізде қазақта айтады. Ағаш тамырымен мықты.Адам досымен мықты. Сіздер сияқты достарымызбен мықтымыз. Сол достықтың бір көрінісі мынау саябақтың ашылуы.