Түркия алдағы 5 жыл бойы басқаратын президентін сайлады
Елдің Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Режеп Тайып Ердоған 52% астам, оның қарсыласы Кемал Кылычдароғлу 48% жуық дауыс жинаған. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та әріптесін жеңісімен құттықтады. Енді Ердоғанның саясаты өзгере ме? Осымен 10 рет жеңілген оппозициялық құрамның бағыты не болмақ? Бауырлас халық 13-ші президентінің жеңісін қалай тойлады?
Түркия басшысы сайлау нәтижесін, «демократия мерекесі» деп атап, Ыстамбұлдағы жақтастарымен бірге жеңіс әнін шырқады.
Бұл түн 14 мамырдағы секілді түрік жұрты үшін ұзақ болды. Сайлау нәтижелерінің алдын-ала естіген тұрғындар алқызыл байрақтарымен шерулетті. Ал анкаралықтар бірден президенттік резиденцияға бет алды.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Бізге демократия мерекесін сыйлаған халқыма ризашылығымды білдіргім келеді. Сайлауда жалғыз жеңімпаз - Түркия. 21 жыл бойы сеніп келе жатқандай сіздердің сенімдеріңізге лайық боламыз. Айтқанымдай, біз базарға дейін емес, мазарға дейін біргеміз.
Ердоғанның қарсыласы елдің басты оппозициялық партиясының жетекшісі Кемал Кылычтароғлу жүйе үшін күрестің жалғасатынын мәлімдеді. Ал оны үміткер ретінде көрсеткен халық альясының өзге партия басшылары Ердоғанды жеңіспен құттықтады.
Кемал Кылычтароғлу, халық альясының үміткері:
- Елімізге нағыз демократия келгенше біз осы күрестің бастаушысы болып қала береміз. Менің мұңайғанымның басты себебі – елді күтіп тұрған қиыншылықтар. Біз сол қиыншылықтарға қарсы тұратыныма ешкімнің күмәні болмасын. Маған дауыс берген 25 млн азаматымыздың моральдық тұрғыда тік тұрғанын көргім келеді. Біз осындамыз.
Ердоғанның билігі үшінші он жылдақта да жалғаспақ. Басты сұрақ – оның саясаты өзгере ме? Себебі саяси додаға түскен құрам да бөлек.
Сайлаудың ресми қорытындысы екі күннен кейін. Ал елдің осыдан кейін апта бұрын жасақталған 600 мандаттық парламент мәжілісі жұма күні ант бермек. Жергілікті ақпарат көздерінің айтуынша, Ердоғанның инаугурация рәсімі де сол күні өтуі мүмкін.