Канадада орман өрті ырық бермей тұр
Канадада бірнеше күн бұрын басталған орман өрті әлі де ырыққа көнер емес... Биліктегілер барлық ұлттық құтқару тобын жұмылдырды. Шет мемлекеттер де апаттан зардап шеккен аймаққа көмек көрсетіп жатыр. Алайда тілсіз жауды ауыздықта қиынға соғуда. Ал улы түтін Мұхит асып, кәрі құрлыққа жетті. Көршілес жатқан АҚШ-тың он бес штатын да ыс басты.
Осыдан бір апта бұрын басталған Канадағы орман өртінің беті қайтпай тұр. Бірнеше күнде 4 млн гектар жасыл алқап күлге айналды.
Қазір төрт жүзден астам жалын ораған орман алқабы тіркелген. Кейбірінің ауқымы кеңейіп барады. Желдің күшеуіне байланысты қызыл жалынның бағыты да әр жаққа өзгеріп тұр. Бұл өртті сөндірушілердің жұмысын қиындатты. Жергілікті билік Тумблер Ридж қаласын эвакуациялау туралы бұйрық шығарды. Ал қауіпті түтін бүкіл елді торлап тұр.
Джастин Трюдо, Канада Премьер-Министрі:
-Бүкіл ел бойынша адамдар зардап шегуде. Әсіресе денсаулығында кінәраты бар адамдарға қауіпті. Ашық аспан астындағы іс-шаралар тоқтатылды, балаларды үзіліс кезінде сыныптан шықпауы тиіс.
Ал Америкадағы Нью-Йорк, Вашингтон және Филадельфия сияқты үлкен қалалардың аспаны сейіліп, ауа сапасы біршама жақсарды. Дегенмен жел бағытына қарау улы түтін елдің орталық және оңтүстік штаттарына тарап жатыр. Соның салдарынан Чикаго, Цинциннати, Питтсбург және Кливленд қалаларында ауа ластанды. Жалпы қазір орман түтіні он бес штатты басып тұр. Бұл кейбір шаһарларда әуе рейстерін тағы да кейінге шегеруге мәжбүр етті. Мамандар болса, ауадағы зиянды заттар бірнеше күнсіз кетпейді деп ескертті.