АҚШ тәуелсіздік күнін атап өтті
1776 жылы 4 шілдеде Филадельфияда тәуелсіздік декларациясы қабылданған еді. Миллиондаған америкалық бұл күнді ерекше қадір тұтады.
Осыдан 247 жыл бұрын Томас Джефферсон АҚШ-тың тәуелсіздік декларациясына қол қойды. Онда Солтүстік Америка Ұлыбританияның отарынан шығып, дербес мемлекет болғаны жарияланады. Құжатты Конгресс шілденің 4-і қабылдайды. Бұл күн 1941 жылдан бері ұлттық мереке болып саналады.
Бүгін АҚШ-та миллиондаған америкалық тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шеруге қатысты. Ел астанасы Вашингтонда да мерекеге ерекше мән береді. Мыңдаған адам АҚШ туының түсіндей қызыл, ақ, көкшіл түсті киім киіп, ән салады. Елге деген құрмет, мақтаныш сезімдерін білдіріп, патриоттық ән шырқайды.
Кэрли, шеруге қатысушы:
-Осы шеруге қатысып, елімнің бір бөлшегі ретінде өзімнің қолдауымды көрсеткім келді. Мен үшін өте маңызды күн.
Дэнни, Вашингтон тұрғыны:
-Менің міне музыкам бар. Мына жаққа барып қосыламын. Бүгін сондай рахаттанатын күн. Қаншама түрлі мәдениетті көремін. Барлығы әдемі болып жүр.
Америкалықтар тәуелсіздік мерекесін отбасымен тойлайды. Табиғат аясында тамақ істеп, ход-догқа әбден тояды. Ұлттық ход-дог және шұжық Кеңесінің мәліметі бойынша 4 шілдеде 150 миллион хот-дог желінеді екен. Бөлшек сауда федерациясының дерегінше мереке күні америкалықтар 7,1 миллиард доллар азық-түлікке жұмсайды.
Отшашу тәуелсіздік мерекесінің маңызды бөлігі саналады. Бірақ жыл сайын пиротехникадан мыңдаған америкалық жарақат алады. Тұтыну тауарларының қауіпсіздігі жөніндегі комиссия өткен жылы отшашудан 11 адам қайтыс болып, 10200 тұрғын зардап шеккенін хабарлады. Көбіне күйіп қалғандар балалар екен. Бір қызығы шілденің 4 - америкалықтар үшін тылсымға толы күн. Дәл осы датада АҚШ-тың екінші, үшінші және бесінші президенттері (Джон Адамс, Томас Джефферсон, Джеймс Монро) қайтыс болған.
Авторы: Нұрбек Бекен