Түркияда жол апатына ұшыраған отандастарымыздың біреуі қайтыс болды
Ер адам бүгін ауруханада көз жұмған. Ал тағы біреуіне операция жасалды. Оның жағдайы орташа ауыр. Мұны еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Ал «қалған жерлестеріміздің жағдайы қанағаттанарлық»,— дейді құзырлы орган өкілі. Айта кетейік, кеше Түркияның Аланья қаласында қазақстандық туристер мінген шағын автобус жүк көлігімен соқтығысып, 12 отандасымыз жергілікті ауруханаға жеткізілген еді. Түркияның төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, автобус жүргізуші мен оның жанында отырған гид қаза тапқан.
Ерлан Жетібаев, ҚР СІМ департамент директорының орынбасары:
-Консул қайтыс болған отандасымыздың туыстарымен тұрақты байланыста және барлық қажетті көмекті көрсетуде. Қалған 10 отандасымыздың, оның ішінде 4 баланың жағдайы қанағаттанарлық. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Барлығында медициналық сақтандыру бар. Анталиядағы қазақстандық дипломаттар азаматтарымызбен тұрақты байланыста және тиісті жұмыс жүргізуде.