Хабар телеарнасы

Таулы Қарабақта әскери қимыл тоқтатылды

Дербестігі танылмаған республиканың билігі атысты тоқтату туралы Ресей бітімгершілік әскерінің ұсынысын қабылдады. Еске салып кетейік, сейсенбіде Әзербайжан қорғаныс министрлігі «террорға қарсы шара» бастағанын жариялады. Мақсаты жауынгерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірде конституциялық билікті қалпына келтіру делінген. Жуырда Әзербайжанның 6 сарбазы минаға жарылып, қаза тапқан еді. Қарабақ билігінің мәлімдеуінше, Әзербайжан әскері дрондар мен зеңбіректерден жасаған соққыларынан 32 адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланды. Ресей бітімгершілік әскерінің арағайындығымен жасалған келісімге сәйкес, Қарабақтың әскери бөлімдері қарусызданып, ауыр техника шығарылады. Өңірде тұратын армяндардың қауіпсіздігі мен құқықтарын сақтау мәселелері, Әзербайжан тарапымен өтетін кездесуде талқыланады. Бұл келіссөздер 21 қыркүйекте Евлах қаласында өтеді.

Анар Эйвазов, Әзербайжан қорғаныс министрлігінің өкілі:
-Террорға қарсы шараны тоқтату туралы келісімге жеттік. Әзербайжан Республикасының Қарабақ ауданында шоғырланған армяндардың заңсыз әскери бөлімдері қаруын тастап, ел аумағынан кетеді. Сонымен қатар қару-жарағы мен ауыр техникасы шығарылады.