Торайғыровтың толық шығармалар жинағы реставрациядан өтті
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың толық шығармалар жинағы реставрациядан өтті. Латын қарпінде жарық көрген кітапты 1933 жылы Жүсіпбек Аймауытов дайындаған екен. Күрескер ақынның 130 жылдығына орай Торайғыров университеті көне жәдігерді қалпына келтірді. Қысқа ғұмырында Сұлтанмахмұт лирикалық өлең, публицистикалық очерктер мен мақалалар, поэмалар мен екі роман жазып үлгерген. Мамандардың айтуынша, үш жүз беттік кітапқа осы туындылар толық енген және ол 2014 жылға дейін қазақ жазушысы Дихан Әбілевтің жеке кітапханасында сақталған.
Ербол Қайыров, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының басшысы:
-Өздері де реттеп, керек емес кітаптарды шығарып тастаймыз деп босағаға қойып қойған екен. Соның біреуін жай аша салсам, ішінде «Баянауыл баурайында» деп тұр. Енді оның ішін ашсам, осы бір 1930 жылы латын қарпімен шыққан кітап тұр. Егер сол жерде соны керек қылдырмай, қарамайтын болсақ, бұл кітаптан да айырылып қалар едік. Бірден алып келіп осы музейге табысталды.