Хабар телеарнасы

Қытайда жаңа 11 ядролық нысан салу шешімі қабылданды

Иә, ел игілігі үшін ядролық қарудан бас тартқан мемлекетпіз. Осы бағытты ұстана отырып, энергетикалық қауіпсіздікке басымдық береміз. Елде АЭС салу бастамасын әлемдік сарапшылар қолдап отыр. Мәселен, бұл салада тәжірибесі бар Қытай атом реакторларының санын екі есе арттырады. Қазір елде 36 атом энергоблогы салынып жатыр. Жуырда көрші елдің мемлекеттік кеңесінде дәл осындай тағы 11 ядролық нысан салу шешімі қабылданды. 

Қытай әлем бойынша атом энергетикасы дамыған елдер арасында үздік үштікке кіреді. Қазір ең көп ядролық реактор салынып жатқан бірден бір ел. Бүгінде 57 реактор жұмыс істеп тұр. Алдағы 5 жылда тағы 47 реактор салу жоспарда.

Тян Венг, Сиань атом энергетикасы институтының директоры:
-Қауіпсіздігін көзбен көріп отырмыз. Кейінгі 30 жылдан астам уақытта бірде-бір апатты жағдай болған емес. Экономикалық тиімділігін көрсетті. Қазір жылу энерго орталықтарын азайтып, АЭС-ке басымдық беріліп отыр. Мемлекеттік кеңес жуырда реакторлардың санын арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл жаһандану заманында маңызды стратегиялық қадам.

Қазір әлем елдері үшінші буын ядролық реакторлар салуға ұмтылып жатыр. Оның бұған дейінгі нұсқасындағы әлсіз тұстары инновациялық технологиямен жетілдіріліп, едәуір күшейтілген.

Инь Сиджун, China National Nuclear Corporation Overseas Ltd компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры:
-Ядролық жобада міндетті түрде қауіпсіздік жүйесі болады. Сырты екі қабат жабынмен қапталады. Мына макетте анық көрсетілген. Тіпті ұшақ келіп соқтығысқан жағдайдан да сақтандырылған. Жалпы қауіпсіздік жүйесі активті және пассивті болып екіге бөлінеді. Олар зиянды радиоактивті заттардың қоршаған ортаға бөлінуінен қорғайды. Ал инновациялық технологиялар қауіпсіздікке кепілдік береді. Барлығы арнайы сараптамадан өтеді. Тек Қытайда ғана емес, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің де жіті бақылауында.

Өнімділігі де жоғары. Бір АЭС салып, жылына 3 миллиард АҚШ долларына дейін табыс табуға болады. Мәселен, 4 энергоблокты бір АЭС жылына 5 мың мегаватт сағат энергия өндіруге қауқарлы. Бұл кемінде Астана немесе Шымкент сияқты халық саны миллионнан асатын 4 қаланы жыл бойы үздіксіз энергиямен, жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Инь Сиджун, China National Nuclear Corporation Overseas Ltd компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры:
-Энергияны ең көп тұтынатын металлургиялық және мұнай өңдеу сияқты 16 зауытты энергиямен тұрақты қамтамасыз ете алады. Бір келі уран жұмсап, 2 700 тонна көмір үнемдеуге болады. Бұрынғы нұсқалары бір отынмен 12 ай бойы үздіксіз жұмыс істейтін болса, қазір 18 айға дейін тоқтамайды. Ең бастысы қауіпсіз. Қазіргі энгергоблоктар ішкі қауіпсіздіктен бөлек, сыртқы факторлардан да берік қорғалған. Тіпті ұшақ келіп соқтығысқан жағдайдан да сақтандырылған.

Қытай билігі жұмыс істеп тұрған атом энергоблоктарының санын 2035 жылға дейін 100-ден асыруды жоспарлап отыр. Осы арқылы АҚШ пен Франция сияқты ядролық державалардың алдына шыққысы келеді. Бүгінде аспанасты елінде атом электр станциясын салуға лицензиясы бар 4 компания тіркелген. Олар да өзге елдер сияқты Қазақстанға АЭС құрылысын жүргізіп, инвестициялық ұсыныс жасауға ниетті.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы