Оңтүстік Корея мен Қытайдағы референдум учаскелерінің жұмысы аяқталды
Шетелдердегі елшіліктерде де отандастарымыз өз таңдауын жасады. Дауыс беру әлі де жалғасып жатқан елдер бар.
Астана уақытымен сағат 16:00-де Оңтүстік Кореядағы №390 учаскесі жабылды. Еске сала кетейік, алғашқы болып референдум учаскелері Сеул мен Токиода ашылды. Сеулдегі референдум учаскелік комиссиясының төрағасы Жанболат Мурзалиннің айтуынша, референдумге Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген және оқитын жастар белсенділік танытты. Дауыс берушілердің көбі түскі уақытта келді. Жалпы тіркелген сайлаушылардың 95% конституциялық құқығын пайдаланды.
Қытайдағы референдум учаскелерінің жұмысы аяқталды. Көрші елдегі дауыс беру жергілікті уақытпен кешкі сегізде тоқтатылды. Референдум учаскелерінің үшеуі де жабылды. Гонконг пен Шанхайдағы учаскелерде тіркелген қазақстандықтар 100% дауыс берді. Науқан барысында бас-аяғы 320 қазақстандық өз таңдауын жасады. Айта кету керек, қазақстандықтардың дені ел астанасындағы №389 референдум учаскесінде тіркелген. Қалған екі қалада 137 адам.
Ресейде референдумда дауыс беруге арналған 5 учаске ашылды. Қазақстандықтар Омбы, Қазан, Астрахань мен Санкт-Петербордағы бас консулдықтарда, сондай-ақ Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде азаматтық міндетін орындай алады. Референдумға қатысу үшін 900 адам тіркелген. Дауыс бергендер арасында студенттер, Еуразиялық экономикалық комиссия, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен коммерциялық компания қызметкерлері бар.
Ұлыбританияда дауыс беру жалғасып жатыр. Түске таман дауыс берушілердің саны таңертеңгі уақытқа қарағанда артты. Өйткені Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналған қазақстандықтар Лондонға енді жетті десе болады. Араларында Рединг, Манчестер, Абердин, Глазго қалаларында уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыз, осында саяхаттап жүрген турист көп.