Ғалымдар зиянкестермен биологиялық күрес тәсілдерін сәтті қолданып жатыр
Ауылшаруашылық дақылдары мен өсімдіктерді зиянкестерден қорғауда пайдалы жәндіктердің көмегі мол. Сондай биоагенттердің 15 түрін Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты өсіреді.
«Пайдалы жәндіктер және биоагенттерді жаппай өндіру» зертханасында зиянкестермен күрес тәсілдері жасалады. Мұнда макролофус деген пайдалы биоагент өсіріледі. Субстрат ретінде темекі қолданылады. Себебі макролофус жұмыртқаларын темекі жапырағына салады.
Қарлығаш Алпысбаева, зертхана меңгерушісі:
-Осы өсімдіктерде макролофус биоагенті 30 күннің ішінде жұмыртқадан ересек биоагентке айналып өсіп шығады. Осылайша өсірілген макролофус биоагентін жылыжай шаруашылықтарда негізінен қызанаққа зиян келтіретін карантинді зиянкес қызанақ күю көбелегінің жұмыртқаларына қарсы жиі пайдаланады.
Пайдалы энтомофагтардың аққанаттыларды, трипстерді жоюда тиімділігі өте жоғары. Сонымен қатар олар мақта мен көкөніске, бау-бақшаларға себілетін улы пестицидтердің мөлшерін азайтады. «Ауыл шаруашылығында гербицид пен пестицидті қолдану нәтижелі бола бермейді. Сондықтан шарулар төзімді әрі пайдалы тірі организмдердің көмегіне жүгіне бастады»,— дейді ғалымдар.
Бақытжан Дүйсембеков, Ж.Жиембаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ басқарма басшысы:
-Ашық алаңда да мысалға мынау Алматы облысында қызанақтың күю көбелегіне қарсы біріктірілген жүйе арқылы біз зиянкестің зияндылығын 90% дейін төмендеттік. Яғни шаруа өз өнімін толық алып, яғни таза пайдаға шықты. Сонымен қатар алмабақта, жүгеріде болсын, мақта дақылында болсын кез келген дақылдарының негізгі зиянкестері бар. Соларға 15-ке жуық біздің пайдалы жәндіктеріміздің сұранысына қарай біз көбейтіп жатырмыз.
Институтта өрмекші күйігіне қарсы қолданылатын фитосейулюс жәндігі де өсіріледі. Оған Түркия қызығушылық танытып отыр. Жалпы әлемдік нарықта пайдалы жәндіктерді, яғни биоагенттерді сату көлемі 18 млрд долларға жеткен.
Авторлары: А. Садуақас. С.Бейсекенов