Шымкентте бұрынғы тәртіп сақшысы әлеуметтік желіні шулатты. Өңір жаңалықтары
Бұған дейін «гүл ұрлаушы» атанып кеткен ол енді мейрамханада бір әйелдің телефонын тартып алған.
Шымкентте «гүл ұрлаушы» атанып кеткен бұрынғы тәртіп сақшысы тағы елді шулатты. Бұл жолы масаң күйде мейрамханада отырған ол, бейтаныс әйелдің телефонын тартып алған. Видеодан жәбірленушінің оған жалынып тұрғанын көруге болады. Бұдан бей-жай қала алмаған кей азамат, әйелге телефонын қайтаруға көмектескен. Алайда дөрекі мінезімен қайта көзге түскен бұрынғы полицей, бұл жолы да жазаға тартылмады. Полиция департаментінің өкілдері, мұны оқиғаға байланысты өздеріне арыз түспегенімен түсіндіріп отыр.
Қызылорда облысында жергілікті блогер Сандуғаш Тұрлыбекованың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Ол ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп бопсалап, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша талап еткен көрінеді. Бұдан бөлек тағы бірнеше адамды бопсалағаны белгілі болды дейді полицейлер. Тергеу құпиясын сақтау мақсатында, өзге ақпарат жария етілмеді.
Шымкентте сәуір айынан бастап жаңа бизнес жобаларға қайтарымсыз грант беріледі.
Ал өткен жылы мемлекет қаржысына, 500-ге жуық азамат төл бизнесін ашқан еді. 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі грант әлеуметтік осал топ өкілдері мен көпбалалы отбасы мүшелеріне, мүгедек бала асырап отырған жандарға берілген. Олар бүгін өз өнімдерін жәрмеңкеге шығарды.