Әлемнің 700-ге жуық математик-ғалымы Астанаға келді. Арасында Нобель сыйлығына пара-пар Филдс марапатының иегері, жасанды интеллект саласындағы жетекші мамандар мен әлемдік деңгейдегі зерттеушілер математиктердің халықаралық конгресінде бас қосты.
Қатысушылар бір апта бойы математиканың тың әдіс-тәсілдерін, саладағы ғылыми жетістіктерді, күрделі есептеулерді, нейронды жүйелер сияқты өзге де бағытты талқылайды. Атағы жер-жаһанға танымал бірқатар университеттердің оқытушылары баяндама жасайды. Конгресс Орталық Азияда тұңғыш рет өтіп отыр.
Дөрбетхан Сұраған, ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, профессор:
- Ең бірінші бұндай үлкен іс-шара ғылымды дәріптеуге үлкен сеп тигізеді және елімізді халықаралық деңгейде әлемдік ғылыми картаға қойып береді. Ең жоғарғы деңгейдегі әлемге танымал ғалымдар келіп жатыр. Сонымен қатар біздің жас ғалымдарымыз сол адамдармен араласып, болашақ бірге жобалар жасауға үлкен мүмкіндіктер болып жатыр. Бұл іс-шарада жаңа феномен болып жатыр. Ол біздің еліміздің кәсіпкерлерінің арасында меценаттар өз еркімен 100 жас ғалымға осы конгреске қатысуға қаржы бөлді.