Шымкентте «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік білім сайысының қалалық іріктеу кезеңінде үздік шыққан жеңімпаздар анықталды. Интеллектуалдық ойынға 27 оқушы қатысып, оның сегізі жоғары білім деңгейін көрсетті. Енді тестілеу қорытындысына сәйкес, олар Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі бірлесіп ұйымдастырған білім бәсекесінің республикалық кезеңіне жолдама алды.
Зияткерлік сайысқа оқу озаттары жиналды. Алғашқы іріктеуден сүрінбей өткен кіл мықтылар 60 сұрақтан тұратын тестілеуде ой ұтқырлығын сынады. Жарыстың маңызын жақсы түсінген қатысушылар жоғары ұпай жинауға күш салды.
Шолпан Айтбаева, әдістемелік орталықтың директоры: - Интеллекті жоғары, өте белсенді, нағыз зияткер тұлғаны анықтап беруіміз керек. Біздегі аудандық кезеңде барлығы 30 сұрақтан тұратын пәндік бағытта, логикасы мықты оқушылар анықталды. Қалалық кезеңде арнайы дайындалған тапсырмалар 60 сұрақтан тұрады.
Қатысушылар пәндік сауалдарға жауап беріп қана қоймай, спорт, мәдениет, экология және экономика салаларындағы білім деңгейін де сынады. Оларға ата-аналары мен сынып жетекшілері жанкүйер болып, қолдау білдірді.
Динара Құрмашова, Т. Тәжібаев атындағы №47 жалпы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі:- Сарыбай Асылхан өте алғыр оқушымыздың бірі. Мектебіміздің мақтанышы. Оқу үздігі, бұйырса үзік аттестатқа үміткер оқушымыз. Сондықтан бұл оқушымызға үлкен сенім артып келіп отырмыз.
Тартысқа толы білім бәсекесінде 8 оқушы жеңімпаз атанды. Республикалық кезеңге жолдама алған үздіктер қатарында Аяжан Байтілесова мен Аслан Амангелді бар. Енді олар елдің түкпір-түкпірінен жиналған білімділермен бақ сынасып, өңір намысын қорғайды.
Аяжан Байтілесова, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының қалалық кезең жеңімпазы:- «XXI ғасыр көшбасшысы» негізі осы білім қуған жастарға өзін көрсетуге мүмкіндік береді және «Хабар» агенттігінен шығады деген соң ол да білімге деген құштарлықты арттырады.
Аслан Амангелді, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының қалалық кезең жеңімпазы:- Қазақстанды әлемдік лидерлердің біріне айналдыруға бар күшімді саламын деген ойдамын. Осы мақсатта мен «XXI ғасыр көшбасшылар» сайысына қатысып оытрмын. Өзімнің көшбасшылық дағдыларымды дамыту үшін, болашақта менің мақсаттарыма жетуіме білім баспалдағы болады деген ойдамын.
«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі бірлесіп ұйымдастырған білім сайысының финалдық кезеңі тележоба форматында көрерменге жол тартады. Сондықтан білім көкжиегін кеңейтуге ұмтылған оқушылардың үлкен қызығушылығына ие.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов