Байқаудың аудандық, қалалық кезеңіне қатысқан 830 үміткердің 91-і облыстық кезеңге іріктелген еді. Солардың арасынан шоқтығы биік шыққан үздік бестік келер көктемде білім додасына аттанбақ.
Оқушылардың ойлау қабілетін шыңдап, көшбасшылық қасиетін ұштайтын «XXI ғасыр көшбасшысы» – жастардың сүйікті тележобасы. Зияткерлік ойын ондаған жылдар бойы өскелең ұрпақтың білімге қызығушылығын арттырып, зейінді жастарды елге танытып келеді. Биыл байқаудың бастапқы кезеңіне Орал өңірінде 800-ден астам шәкірт қатысса, соның 91-і облыстық кезеңге іріктеліпті.
Айсұлу Ишанбекова, байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы:
- Байқауға қатысудағы мақсатым – әрине, жаңа тәжірибелер алу, өзімді шыңдау. Бұндай бағдарлама бұл жалпы Қазақстандағы дарынды балаларды іріктеуде үлкен рөл атқарады.
Былтыр байқау жеңімпаздарының 4-і қаладан, біреуі ғана ауылдан болса, биыл керісінше. Облыстық кезеңде оза шапқан 5 шәкірттің біреуі Оралдағы ақпараттық технологиялар лицейінен. Ал қалғаны Ақжайық, Теректі, Бөрлі аудандарынан. Мұның өзі ауыл мектептеріндегі білім деңгейінің қаладан кем түспейтінін көрсетеді. Хангерей Әлмұқанов сайысқа Бөрлі ауданы Қызылтал ауылынан келіпті.
Хангерей Әлмұқанов, байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы:
- Мен негізі IT маманы болғым келеді. Менің ойымша, алдағы 10 жылда бүкіл әлемде де, Қазақстанда да жасанды интеллект қарқынды дамиды және бұл салада IT мамандарға үлкен сұраныс болады. Себебі жасанды интеллектті басқаратын, сондай-ақ онда қандай да бір ауытқулар болса, түзететін – адамдар. Сондықтан технология дамығанымен, адам рөлінің маңыздылығы жойылмайды.
Ал Инабат Төлеген Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназия шәкірті. Сүйікті пәні – информатика. Келешекте ақпараттық технология саласын терең меңгеріп, ел дамуына сүбелі үлес қосқысы келеді. Адам мақсатына жету үшін уақытын бос өткізбеуі керек деп санайды.
Инабат Төлеген, Ақжайық ауданы Абай атындағы гимназия оқушысы:
- Жасанды интеллект пен код жазу салалары қазір белсенді дамып жатыр деп ойлаймын. Болашақта өзімді әлемдегі мықты, білікті информатиктердің бірі ретінде көремін. Бұл жолда ең бастысы – дисциплина. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде адамды алаңдататын факторлар көп, соларға ермей, өз алдыңа қойған мақсатыңа ғана назар аударып, соған жетуді ойлау керек.
Енді облыстық кезең жеңімпаздары Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі бірлесе ұйымдастырған білім байқауының ақтық сынына дайындалады.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов