Әскери теңізшілердің жаңа толқыны дайындалып жатыр

  • 8
  • 18.12.2025, 18:53

Енді Ақтөбе мен Ақтаудағы жоғары оқу орнында оқуға болады. Қазіргі кезде 4 курсант мемлекеттік грантқа түсті. Олар екі жылдан кейін офицер ретінде әскери флотқа қабылданады.

Әскери теңізші формасын киген курсанттар – алғашқы түлектер. Олар алдымен Ақтөбедегі әуе қорғанысы институтында екі жыл оқып шықты. Қалған екі жылы Ақтауда әскери теңіз кафедрасында өтіп жатыр. 21 жастағы Диасхан Молдахан Тараз қаласының тумасы. «Сарыарқа» кемесінде мерзімді әскери қызмет атқарған бозбала офицер болуды армандайды.

Диасхан Молдахан, курсант:

- Мамандығымыз бойынша көптеген пәндер бар. Сол пәндерді жақынырақ танысуға біздерге көмегін тигізіп жатыр. Атап өтсек, «Теңіз навигациясы», «Теңіз астраномиясы», «Жаһандық проблемалар теңізде болып жатқан» теңіз конвенциясы жағынан бізге білім беруде. Мемлекет оқуды тегін оқуға мүмкіндік берді.

Курсанттар барлық жағдайы жасалған казармада тұрады. Сабақтан бос уақытта кітап оқып, гитарада ойнауды үйренеді. Казарма ауласында күнделікті спортпен айналысып, денесін шынықтырады. Келешек еліміздің әскери-теңіз флотына баратын жастар жоғары оқу орнына «Sarbaz 2.0» бағдарламасы бойынша ҰБТ тапсырмай-ақ қабылданған.

Нұрбол Шалабаев, Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы:

- Оқу бітірген курсанттарға «лейтенант» шені беріледі. Алдағы уақытта олар Қазақстанның әртекті әскери кемелер дивизионындағы су көліктеріне командир қызметіне қабылданады деп күтіледі.

Отан алдындағы борышын өтеген жастар Қазақстанның әскери оқу орындарына түсу үшін «e-Gov» порталы арқылы құжат тапсыра алады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2023-2024 жылдар аралығында сарбаздарды тегін оқытуға 6 мың сертификат берілген. Биыл 10 мыңнан астам адам сынақтан өтіп, 2100-і мемлекеттік оқу грантына ие болды.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев