Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл толды. Айтулы күнге орай отандық ғылымның қара шаңырағында «Жасанды интеллект дәуірі» атты II Жас зерттеушілер форумы өтті. Еліміздің 13 өңірінен келген 385 оқушы жасанды интеллект, робототехника, биомедицина, экология және цифрлық технологиялар бағытындағы инновациялық жобаларын таныстырды.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылым саласын реформалау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Солардың бірі жас ғалымдарды ғылымға тарту. Биыл екінші рет өтіп отырған Жас зерттеушілер форумы сол жұмыстардың бір бағыты. «Цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде жастарды мектеп кезінен бастап ғылымға бейімдеу, қолдау маңызды», - дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті:
- Арнайы екі бағдарлама дайындалды: «Жас ғалым» деген бағдарлама, одан кейін екінші — «Жас зерттеушілер буыны» деген бағдарлама. Бұлардың үш мақсаты бар. Біріншіден, ғылымды жастардың арасында дәріптеу, яғни ғылымды танымал ету. Екінші мәселе — жас таланттарды анықтап алып, оларға қолдау көрсету. Үшінші мәселе — сол жас таланттарға қолдау көрсетіп, оларды үлкен ғылымға алып келу. Бүгінгі форумның мақсаты да осында.
Форум аясында оқушылардың ғылыми әзірлемелерінің көрмесі ұйымдастырылды. Бұл жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығының жоғары екенін аңғартады. Олар жасанды интеллект, робототехника, биомедицина, экология және цифрлық технологиялар бағытындағы инновациялық жобаларын таныстырды. Олардың қатарында нейрожүйе конструкторлары, қауіпті ерте анықтайтын жасанды интеллект жүйелері, медициналық болжам модельдері және білім беру платформалары бар.
Санжар Полат, 10-сынып оқушысы:
- Бүгінгі форумға өзімнің AirTrees жобаммен келдім. Бұл жоба қазіргі кездегі ең ауқымды проблемалардың бірі — озон қабатының кішіреюі мен ормандардың жойылуын тоқтатуға көмектесетін жоба. Бұл жобада біз ұшақтар арқылы стратосферадан капсулалар лақтырып, ормандардың санын көбейтуге тырысамыз. Сонымен қатар, бұл жоба екі масштабтан тұрады.
Жазира Жөндербек, «Алматы балалар ғылым музейі» білім бағдарламаларын құрастырушы:
- Almaty Children Science Museum – Орталық Азиядағы алғашқы балалар ғылым музейі. Мұнда 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі барлық балаларға қызықты болатын 150-ден астам экспозициялық аймақ бар. Сонымен қатар музейде балалар ғылыммен айналыса алатын «Science Hub» ғылыми орталығы жұмыс істейді. Бұл жерде жас келушілер ғылыми тәжірибелер жасап, ғылым әлемін тереңірек зерттеуге мүмкіндік алады.
Форум – жас ұрпақты ғылымға жетелейтін, оқушылар мен академиктер арасындағы ғылыми сабақтастықты нығайтатын маңызды алаң. Іс-шара барысында ғылым саласына үлес қосқан ғалымдар марапатталды. Сондай-ақ үздік ғылыми жобалар мен оқушылардың еңбектері елеусіз қалмады.
Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон