Қаңлы дәуіріне жататын қорымдардың құпиясы. Археолог-ғалымдар ұзақ зерттеуден кейін Түркістан облысының Ордабасы ауданында 5 қорымды анықтады. Мамандар қазу барысында өте сирек кездескен жерлеу рәсіміне куә болды. Қабір ішінен адам сүйектерімен қоса, күнделікті өмірде қолданатын тұрмыстық заттар да табылды.
Төлебай төбе қорымында археологтар қаңлы заманында жерленген жеті мүрдені ашты. Барлық қорымнан адам сүйектерімен қатар тұғырлы тостаған, құмыра, саптыаяқ сияқты ыдыстар шықты. Кейбірі бүтін күйінде сақталған. Обалардың бірінде ер мен әйел адам жерленген. Мүрденің астына қыш ыдыстың бөлшектері төселген. Жігіттің бойының ұзындығы – 1 метр 90 см. Ер адам шалқасынан жатқызылса, ал әйел сол қырымен, аяғын бүккен күйде жер қойынына тапсырылған.
Гүлмира Стамқұлова, ОҚПУ Археология орталығының ғылыми қызметкері:
- Қаңлы мемлекеті кезеңіндегі жерлеу орындарында алғаш рет кездесіп отырған, сол қырынан жатқызылған, аяғы бүгілген жерлеу орыны табылып отыр. Бұл осы уақытқа дейін қаңлы обаларында алғаш рет кездесіп отыр. Жалпы Қазақстанда қола кезеңіндегі адамдарды ғана осылай жерлейтін болған.
Ғалымдар бұл қорымдар біздің заманымызға дейінігі 1 ғасырларға тиесілі екенін айтады. «Себебі қаңлы дәуірінде ауқатты адамдар отбасы мүшелерімен бірге жерленетін болған», - дейді.
Ержан Керімбеков, ОҚПУ Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры:
- Ересек адамның сүйегі, қасында баланың сүйегі. Демек бұл жанұя түрінде жерленген. Екінші бір қорғанда 4-5 адамның сүйегі, қасында қажетті киімі бар, сауыты бар. Біреуінде қайрақ, күнделікті қолданатын пышақ табылып жатыр. Бұның бәрі сол кезде бұдан кейінгі келесі өмірде де өмір жалғасады деген сенім ғой.
Сондай-ақ бөлме тәрізді жерлеу орынының қабырғалары сыланып, өңделгені анықталды. Тағы бір ерекшелігі – ғалымдар бұған дейін анықталған қорымдарда қышқа қашалып жазылған жазулар болғанын айтады.
- Жазу деген сөз – үлкен бір мәдениет. Жазу болған жерде үлкен бір дала мәдениеті бар. Біздің ата-бабаларымызда, Қаңлы мемлекетінде бір-бірімен хат алмасу, жалпы өзінің көргенін қағазға түсіру – яғни сол кезде қышқа жазылған әрине, үлкен мәдениеттің көрсеткіші.
Бұл жәдігерлер Ордабасы қорық-мұражайы мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Университеті ғалымдарының бірлескен қазба жұмыстары кезінде табылды.
Досалы Аманкелдиев, Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры:
- Енді осыдан кейін бұл жәдігерлер аталған университеттің археология орталығына тапсырылатын болады. Сол жерде тиісті мамандармен бірлесе жұмыс істейтін боламыз.
Елімізге белгілі професор Александр Подушкин бастаған археолог-ғалымдар алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын Өгем, Сілбелі, Қызылкөл аумағында жалғастырмақ.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов