Биылғы жарты жылда елге келген шетелдік меймандар 1,4 миллиард АҚШ долларын жұмсаған. Осы уақытта қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындарында 5 миллиондай адамға қызмет көрсетілді. Салаға инвестиция тарту, инфрақұрылымын жетілдіру мен басқа да жұмыс жалғаса береді.
Спортты дамыту ісі де қарқын алмақ. Осы жылы 121 нысан пайдалануға берілмек. «Халықтық құрылыс» аясында футбол стадиондары, сауықтыру кешендері пайда болады.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
– Президент атап өткендей, құрылыс басталғанға дейін әр өңірдің осындай нысандарға нақты қажеттілігін анықтап жатырмыз. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6 пайызды құрайды. Тұжырымдамаға сәйкес, 2029 жылы біз бұны 65 пайызға көтеруіміз қажет.
Ясмина Тоқсанбева мәселесі сотта қаралады
Ясмина Тоқсанбаеваның мәселесі халықаралық сотта қаралады. Қазақстан атынан арнайы өтінім берілді. «Сот шешімі шыққан соң іске қатысты лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мәселесі міндетті түрде қаралады», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Ясмина Тоқсанбаева Жапониядағы Азия ойындарында спорттық жүрістен мәреге бірінші жеткен. Алайда жарыстан кейінгі тексерісте оның киген аяқкиімінің үлгісі рұқсат берген тізімде жоқ болып шықты. Осыдан кейін халықаралық федерация шешімімен спортшының көрсеткіші жойылды.
– Алдымызда Олимпиада ойындары бар және Тоқсанбай Ясминаның нәтижесін алсақ, ол Олимпиада ойындарының қатарына кіретін нәтиже. Сондықтан бүгінгі күні біздің басты мақсатымыз – спортшыларымызды жан-жақты қолдау.