Қостанай облысы мұғалімдері үш мың бейнесабақ дайындады
Қостанай облысында жаңа оқу жылын 490 мектеп бастауға дайын. Басым бөлігінде сабақтар дәстүрлі форматта өтеді. Бұл тізімде ауылдық шағын жинақты 265 білім ордасы бар. Оларда 16 мыңнан аса оқушы білім алады.
Ұзынкөл ауданына қарасты Федоров орта мектебі шағын жинақты. Мұнда небәрі 70 оқушы білім алады. Мектеп 20 жыл бойы бір ауысымда жұмыс істеп келді. Биылдан бастап екі ауысымдық жүйеге көшпек. Оқушылар арасындағы әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін осындай шешім қабылданған.
Руслан Нұрғазин, мектеп директоры:
- Осы кабинетте ең көп оқушы саны болады, яғни он бала. Әлеуметтік қашықтық сақталуы үшін тағы төрт парта әкелеміз. Үш қатар қоямыз. Аралары бір метрден кем болмауы керек. Санитайзерлер дәлізде болады.
Ұзынкөл ауданында 21 мектеп бар. 15-і шағын жинақты болғандықтан, дәстүрлі форматта жұмыс істейді. Оларда да санитарлық талаптар күшейтіледі. Мектеп іші үш мезгіл тазаланып, кварц шамдарымен өңделеді. Маскалық режим де қатаң ескеріледі. Аудан залалсыздандыру құралдарын сатып алуға 2 млн теңге жұмсамақ.
Ботагөз Дүзенова, Ұзынкөл ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Жақын арада санитайзерлер, антисептик, кварц шамдары, бетперде, қолғаптар жеткізіледі. Барлық 21 мектепті арнайы кілемшелермен қамтимыз. Әр мектепке жылжымалы үш кварц шамынан қойылады.
Қашықтан білім беруге де облыс тыңғылықты дайындалған. Енді мұғалімдерде үш мыңға жуық бейнесабақ бар. Олар интернетте қолжетімді. Жаңа форматтағы сабақтарды облыстың 819 педагог маманы бірыңғай нұсқаулықпен әзірлеген. Олар сараптамадан өткізілді.
Александр Константинов, Білім басқармасының қашықтан оқытуды ұйымдастырушы маманы:
- Сараптама кезінде бейнесабақтардың сапасына жіті мән берілді. Дыбыс, бейне және т.б. өзге де функциялар ескерілді. Ең бастысы педагогтердің талаптарына жауап беруі маңызды болды.
Сонымен бірге өңір бойынша 1,5 млрд теңгеге алты мыңдай компьютер сатып алынды. Осылайша мектептердің кеңсе техника паркі 50% жаңарды.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров