Түркістан облысында бір мектептің 63 түлегі түгелдей грантқа түсті
Мектеп бітіруші бес бірдей сынып оқушыларының жаппай мемлекеттік грантқа ие болуының сыры неде?
Дана Әлайдар - Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп гимназиясының түлегі. Талапты шәкірт тынбай тер төгіп, үздіксіз ізденудің арқасында ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинады. Сөйтіп өзі қалаған мамандық бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түсті.
Дана Әлайдар, мектеп түлегі:
-ҰБТ білетін адамға оңай, білмейтінге қиын. Бірақ сұрақтары әркезде әртүрлі, қайталанып жатқан сұрақтар болған жоқ. Өзімнің қалаған мамандығым математика-педагогика саласына түстім.
Әрбір ата-ана өз баласынан үлкен үміт күтеді. Аялап өсірген перзентің мектепті үздік бітіріп, грантқа оқуға түсіп жатса, ата-ана үшін одан асқан қуаныш жоқ.
Елмира Алтаева, ата-ана:
-Биыл қызым Әлайдар Дана 128 балл жинап, университетке түсіп отыр. Баланың грантқа оқуға түсуі, ол ата-ана үшін, олардың қалтасы үшін өте көп көмек деп ойлаймын.
«Жақсы ұстаз - жан азығы» демекші, баланың білімге құмартып, белгілі бір жетістікке жетуі - ұстаздың еткен еңбегі мен төккен терінің жемісі. Бұл білім ұясында әр балаға ерекше назар аударылады. Қойылатын талап та жоғары.
Шынар Түймебаева, сынып жетекшісі:
-Мұғалімдер оқушыларға өз білімдерін жетік меңгерте алды деп ойлаймын. Таңертең сағат 7:45-те мектепке келеміз. Түс мезгілінде және кешкі 22:00-23:00-ге дейін сабақта болдық. Нәтижеміз содан да көтеріліп қалды.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп алғаш 1986 жылы ашылған. Түрлі тәжірибелер жүргізіліп, 2009 жылы гимназия атауы берілген. Ұлттық бірыңғай тестілеу басталған 2003-2004 жылдан бері бұл мектепті бітірген балалардың 444-і алтын белгі, 224-і үздік аттестат алған. Түлектердің 95% мемлекеттік грантқа түскен.
Өмірхан Қозыбақ, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының директоры:
-1 сыныптан бастап балаларды оқуға дайындаймыз. Биылғы бітіргендердің 30-ы алтын белгі, 21-і үздік аттестат, қалғаны жай аттестат, барлығы мемлекеттік грант арқылы оқуға түсті.
Расында, бір мектепті бітірген түлектердің түгелдей мемлекеттік грантпен оқуға түсуі сирек кездесетін жағдай. Мектеп басшылығы мұның сыры жүйелі білім мен ұжымдағы ауызбіршілікте екенін айтты.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов