Талдықорғанда оқушылар медициналық робот құрастырды
Медбикені робот алмастыратын күн алыс емес. Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Еркежан Үмбетбаева мен Виктор Кахно медициналық робот құрастырған. Дәрігер науқасты тіркеп, дәрі-дәрмек пен қажетті емдік шаралар тағайындағаннан кейін Мed-Bot робот іске кіріседі. Мобильдік қосымша арқылы науқастарға уақытылы дәрісін беріп, ине салады. Робот адамдарды дәрігер енгізген суретпен салыстыру арқылы ажыратады. Науқастардың суды тұтыну мөлшерін бақылап, палаталарды залалсыздандыру міндетін атқарады. Өйткені оның басына бөлмелерді кварцтайтын шамдар орнатылған.
Виктор Кахно, 12-сынып оқушысы:
- Тағы бір айта кететін жайт, робот жұқпалы ауруға шалдыққан карантиндегі науқастарға қажетті заттарды апарып бере алады. Біз оны Германияның Дортмунд қаласында өткен халықаралық олимпиада мен республикалық «Дарын» олимпиадаларында көпшілік назарына ұсындық. Бұл жоба болашақта үлкен қолдауға ие болады деген ойдамын.
Еркежан үмбетова, 10-сынып оқушысы:
- Қазіргі заманда медицина өте қатты дамып жатса да, көптеген қиындықтар әлі болып жатыр осы салада. Солардың бірі ол медбикелердің жетіспеушілігі. Біз қараған ақпараттар бойынша осы Қазақстанда 10 мың адамға тек 38 медбикеден келеді. Сондықтан біз осы роботты жасап шығардық.