Талдықорғандық қарт шебер бұйымдары арқылы қазақ тарихын дәріптеп жүр
Талдықорғанда тұратын Серікқали Мырзатаев есімді қарт шебер өз қолымен жасаған бұйымдары арқылы қазақ тарихын дәріптеп жүр. Ол ағаш, темір сынды заттарды кәдеге жаратып, 200-ден аса әртүрлі жанрдағы композициялық инсталляция жасады. Көпшілікке ой салатын туындылар облыстық көркемөнер галереясына қойылып, көрермен назарына ұсынылды.
Серікқали Мырзатаев 70 жасқа келсе де, шығармашылықтан қол үзген емес. Қазір ол «Бозторғай» композициясын жасап жатыр. Құрсаудан құтылуға тырысқан құс бейнесіндегі адамдар арқылы өткен тарихымыздың қаралы кезеңін көрсетуге тырысқан.
Серікқали Мырзатаев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
-Ел болып, жер болып жатқаннан кейін, біздің қандай қиындықтардан өтті, соны көрсеткім келді. Осыны енді біз бағалайық. Осыны жастар түсінсе, жастар осыны бағалап қадірлесе деген оймен осы композициямызды жасап жатырмын. Азаттығымызды біліп, Тәуелсіздігімізді соны қадірлей, қастерлей білу керек деп ойлаймын.
Шебер мүсіндеумен қатар қолына қылқалам алып, сурет те салады. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйеді. Әртүрлі заттың бөлшектерін біріктіріп, тұтас композициялық инсталляция жасайды. Солардың бір бөлігі облыстық көркемөнер галлереясына қойылды.
Қайрат Қабылисанов, облыстық көркемөнер галереясының директоры:
-Бұл жерде 130-ға жуық мүсін халықтың назарына ұсынылып отыр. 200-ге жуық графикалық жұмыс бар. Әртүрлі жанрда жазылған. Бұның барлығы - неше жылдың еңбегі.
Шебердің қолынан шыққан дүниелердің мағынасы терең. «Ана бейнесі», «Арал тағыдыры», «Мәртебе», «Қызыл қыспақ» сынды туындылар қазақ тарихынан сыр шертеді.
Төңкерілген қазан инсталляциясы қазан төңкерісінен кейінгі елдің жағдайын көрсетеді. Келесі композиция кеңестің шынайы келбеті деп аталады. Ал Семей полигонынан табылған күректен жасалған қобыз, қазақтың жан-жарасын мұңын жеткізіп тұрғандай. Осындай қиындықтарды еңсергеннен кейін азаттықтық ақ таңы атып, егемен ел атанғанымыз «Тәуелсіздік тұғыры» композициясында көрініс тапқан.
Серікқали Мырзатаев тарихи туындыларын «Құрақ көрпе» деп атайды.
Серікқали Мырзатаев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
-Құрақ көрпе деп атағаным - өзіміздің тарих. Қазақтың терең тұңғиықта жатқан тарих құрақтанып келген. Құрақ көрпе сияқты құрау арқылы мен қазақ тарихының осындай бір дәрежеге үлкен жұмыстармен көтергім келді.
Серікқали Мырзатаев ұзақ жылдар бойы Талдықорғандағы көркемсурет мектебінің директоры болып еңбек етті. Балаларды өнерге баулып, шәкірт тәрбиеледі. Үнемі ізденіс үстінде жүретін қарт ұстаз қазақ тарихын дәріптейтін әрі көпшілікке ой салатын тағы бірнеше туынды жасасам деген ниетте.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев