Абай облысында көне дәуір пирамидасы табылды
Археологтар Абай облысынан қола дәуіріне жататын дала пирамидасын тапты. Еуразия даласындағы ерекше ескерткіш Абай ауданы Тоқтамыс ауылының жанындағы Қырықүңгір қорымы аумағынан анықталған. Осыдан төрт мың жыл бұрынғы құнды жәдігерлер айрықша сәулет үлгісімен таңғалдырып отыр. Дала пирамидасының ерекшелігі 6 қырлы. Асқан дәлдікпен салынған. Қазба барысында жылқы сүйегі мен ауыздық табылған. Тас құрылыстың қабырғасында жылқы мен түйенің суреті бейнеленген таңбалар бар. «Бұл сол кезеңнің өзінде жылқы культінің өте жоғары болғанын көрсетеді»,- дейді ғалымдар.
Ұлан Үмітқалиев, археолог:
- 6 қырына үлкен-үлкен бір тоннадан асатын тастар қойылған. Әрбір 6 қырының бір-бірімен түйісетін жері архитектуралық ғажап құрылыстармен жасалған. Әрбіреуінің арасы 13 метрден жалғасады. Оның алты қырының ортасында үш тас шеңбер. Тас пирамида деп айтуға болады.