Атырау облысында алтын әшекейлі адамның мүрдесі табылды
Атырау облысында 2,5 мың жыл бұрын жерленген алтын әшекейлі адамның мүрдесі табылды. Биыл Қарабау ауылының маңайындағы екі көне қорғанда қазба жұмыстары жүргізілген. Ол жерден қыш құмыралар, алтыннан жасалған сырға-білезіктер және жүздеген жебе мен темір қазандар табылды. Мамандар: «Бұл жәдігерлерді біздің дәуірімізге дейінгі 4-5 ғасырларда өмір сүрген сарматтар тайпасына тиесілі»,- деп топшылап отыр.
Ауыл маңайында әлі зерттелмеген 4-5 қорған бар. Қазба жұмыстары келесі жылдары да жалғасады. Ал табылған бұйымдар археология институтына зерттеуге жіберіледі.
Ғаламат Базарбаев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері:
- Бұл қорғандардың ерекшелігі — тек қана орталық бөліктері тоналып, жерлеу орындарына тонаушылардың көзі түспеген. Соған байланысты көптеген жәдігерлер жинап отырмыз. Бұл жерде толық зерттелмеген «Сарматтардың күн храмы» деген ғибатаханамыз бар. Осы жерден 1 км жерде орналасқан. Соны зерттеу мақсатында айналасындағы қорғандардан бастап отырмыз.