Хабар телеарнасы

Су тасқыны: 62 мыңға жуық адам өз үйлеріне оралды

Еліміздің кейбір аймақтары су тасқынымен әлі алысып жатыр. Әсіресе Атырау облысында жағдай қиын. Жайық өзені деңгейінің түсетін түрі жоқ. Сондықтан қазір облыс орталығында бөгеттерді нығайту жалғасып жатыр.

Ал республика бойынша қауіпсіз жерге көшірілген 62 мыңға жуық адам бүгінде үйлеріне оралды. Дегенмен әлі 5 мыңнан астам адам уақытша баспаналарда қалып отыр. Табиғат апатымен күреске 4 мың 200 адам мен 659 техника жұмылдырылған.

Атбасар қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысы жалғасып жатыр. Аудан орталығында екі бірдей көппәтерлі баспана бой көтереді. Қазір оларда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар қазір тағы бір үй салуға орын дайындалған. Ал онда су басу қаупі бар аумақ тұрғындары қоныстанады.

Аманбек Калжанов, Атбасар ауданының әкімі:
- 200 пәтерлі үй 2021 жылдан бері салынып жатқан үйге қаражат көзі түгел шешілді. 15 тамызда бұл үйлер іске қосылатын болады. Сол сияқты үшінші тағы бір 100 пәтерлі үй салынатын болады. Оған да суға кеткен және кезекте тұрғындарды толыққанды орналастырамыз деп отырмыз.

Орал қаласында саяжайларда орналасқан 352 үй жарамсыз деп танылды. 1 мыңға жуық тұрғын үйге жүргізілген техникалық тексерістің қазіргі қорытындысы осы. Қазіргі дейтініміз, әлі алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Себебі облыс орталығында 14,5 мың саяжай учаскесін су басса, соның 9 мыңға жуығында үй-жай бар екен. Залалды өтеу жөніндегі комиссия өтініштерді қарау барысында 2,5 мың адамның саяжайдағы үйлері жалғыз баспанасы екенін анықтады. Ал 500-дей азаматтың мүлкі мүлде тіркелмеген.

Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:
- Егер авариялық деп танылған жағдайда өз қорытындысын береді. Оған сәйкес ол комиссия  отырысында қаралады. Тиесілі адам саны, қандай квадратура, шаршы метр, бұрын қандай үй болған, соның бәрі қаралып, тиісті пәтерлер берілетін болады. Комиссия  отырысы төлеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Бірінші отырыс жоспарланып отыр осы аптада. Осы аптадан жұмысымызды бастаймыз.

Ал Ақтөбеде су тасқыны кезінде көпшілікке көмектесіп, белсенділік танытқан 10 адам «Еңбек озаты» медалімен марапатталды. Олардың арасында суға кеткен үйлерден адамдарды құтқарған төтенше жағдай қызметкерлері, апат салдарымен күрескен және гуманитарлық көмек жеткізумен айналысқан әскерилер, кәсіпкерлер, еріктілер де бар.

Бұдан өзге тасқыннан зардап шеккен 45 адамға өздеріне қажетті тұрмыстық бұйымдар алу үшін сертификат берілді. Сертификатқа Ырғыз, Ойыл, Қобда аудандары мен Ақтөбенің суға кеткен саяжай тұрғындары ие болды.

Мұхамедиар Төреғалиев, волонтёр:
- Көмек қабылдау орталығында бірнеше фуралар келді. Түркістаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан. Соны қабылдап, су тасқынынан зардап шеккен халыққа тараттық. Қазіргі таңда да әлі волонтер болып жүрмін, складтағы заттарды реттеп, дачаларға таратып. Соны мемлекетіміз ескеріп, осындай марапаттаулар жіберіп жатқанына рақмет!

Су тасқынымен күрес Атырауда әлі жалғасып жатыр. Жайық өзенінің деңгейі 6 метрге жетті. Бұл қауіпті межеден 1,5 метрге көп. Өзен суын Каспий теңізіне қарай бағыттайтын Соколок арнасының бойымен салынған бөгетті су бұзып кеткен еді. Бірақ қосымша салынған бөгеттің арқасында жағдай тұрақты. Қалада тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.  

Тілек Мақуов, қала әкімінің орынбасары:
- Қосымша бөгеттер салынып жатыр. Қазір бізде қосымша екінші бөгетіміз дайын қала аумағына жақын жерде. Соколок каналының бойын қосымша бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 30-дың үстінде арнаулы техникамыз жұмыс істеп жатыр.

Қазір Сарыөзек бойында орналасқан шаруа қожалықтары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Төтенше жағдайлар департаменті қауырт желіні іске қосты.

Ал Атырау-Индер-Орал бағытына қатынайтын жолаушылар қазір Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылы арқылы жүріп жатыр.

Аймақтағы тілшілердің көмегімен Дамир Берікұлы