Президент: Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді
Суға кеткен тал қармайды. Бұл теңеуді қазіргі күні жергілікті жерлердегі тасқынға қарсы күресте дәрменсіздің күйін кешіп отырған біраз әкімдерге де айтуға болар, сірә. Биылғы топан су келеңсіздік туғызып қана қоймай, біраз жүйелі кемшілікті ашып бергенін көріп отырмыз. Бүгінгі Мемлекет басшысының сын-ескертпелері осыны айғақтайды. Мәселен, Аякөз ауданында трактор батып суға кеткен екі адамның оқиғасы да соның дәлелі.
«Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Мемлекеттің басшысы адам шығынына жол берілмесін деп отырғаны да сол. Бірақ Аягөз ауданындағы оқиға жергілікті жердегі жауаптылар қаншалықты жауапты деген сұрақ туғызады.
26 наурызда аудандағы Қарағаш ауылының тұрғыны Шалқар Тоғызбаев шаруашылықтағы малшы ауырып қалған соң, таңғы қатқақпен барып, аурухунаға ерте жеткізу үшін қыстаққа шығады. Малшыны алып ауылға қарай келе жатқанда Борлы өзені тасып, трактор өшіп қалыпты. Таңғы жетіге таман суға тұрып қалдық деп үйіне хабар берген.
Тұрсынғали Тоғызбаев, Аягөз ауданы Қарағаш ауылының тұрғыны:
-7-ден бастап мен дабыл қақтым. 112-ге хабарластым, алмайды. Әзер алғаннан кейін МЧС-ке хабарластық. Сол күні ешбір жерден көмек болмады. Ақыры аяғында трактор аударылып ана малшы мен менің балам суға ағып кетті.
Түс уақытында ауылдың азаматтары барып, өздерінше шығарып алмаққа әрекет жасаған. Алайда мына видеодан көріп тұрғандарыңыздай арқанмен үрленген резеңке камера жеткізбек болған аттының өзі ағып кете жаздап жағаға әрең жетті. Ал кешкі алтыға таман сең келіп тракторды ұрған. Нәтижесі алтыншы күн болды, ел болып іздеп таппай жатыр.
Қазыбек Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қайық мәселесі. Әрбір ауылдық округте өрт сөндіру бекеттері, апатқа қарсы тұратын бекеттер бар. Онда біздің 5-6 ауыл тұрғыны жұмыс жасайды. Бірақ олардың қолдарында ештеңе жоқ. Бір күрек пен бір сапалақ. Апатқа қарсы тұратын пункттерді арнайы техника құралдарымен, ең болмағанда осы қайықтармен қамтамасыз ету мәселесі туындап тұр.
Төтеншеліктер мен ауыл-аудан әкімдіктері арасында жүйелі байланыс жоқ. Депутат көктемгі су тасқыны бар, басқа да стихиялық келеңсіздіктерге төтеншеліктермен бірлесіп қарсы тұратын арнайы күштік құрылым керек деп есептейді. «Қыс қамын жаз ойла» дейтін халық нақылы ішіп-жемнің ғана мәселесі емес, осы көктемгі селге қарсы қамданысты меңзейді. Мәселен, Кеңес заманында көктемгі тасқынға дайындық жаздан басталатын.
Қазыбек Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- КазГидромелиорация мекемесі болған. Елімізде арнайы көктемгі ағын суды, апатты судың алып қалу мақсатында жұмыс жасайтын арнайы мекеме болды. Казмелиорация ол жерге түскен тоңның қалыңдығын, сол қардағы судың құрамын есептейтін және арнайы болжау мекемелері болатын. Сонымен қатар КазВзрывПром деген мекеме болды. Өзендердің бетіндегі қалың мұзды жарумен айналысатын. Қазір ондай мекеменің бір де біреуін көріп отқан жоқпыз. Осы мекемелердің жұмыстарын жандандыру қажет деп есептейміз.
Темір ауданындағы 1 ғана шаруа қожалығының 217 ірі қарасы мен 600 қойы шығын болған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық Ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет».
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Тағы да қайталап айтамын. Тасқынның алдын алу ісіне әрбір лауазым иесі тікелей жауап беруге тиіс. Сіздердің жұмыстарыңызды немқұрайлы және кәсіби міндетке сай келмейді деп бағаладым. Соның салдарынан азаматтарымыз үлкен материалдық шығынға ұшырады. Олар денсаулығы мен әл-ауқатына зиян келтіретін тұрмыстық қолайсыздықтарға тап болды. Әрине, мемлекет шығынды өтеу үшін шаралар қабылдайды. Азаматтарға айтарым, алаңдамаңыздар. Мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп береді. Бірақ қаржылық және саяси шығындар орасан зор».