Жасанды интеллект жаһандық ақпарат алмасу кеңістігінде кеңінен қолданыста
Қазақстан медиа нарығына үш жылдан бері енгізіліп келеді. Оның көмегіне әлемдік ақпарат агенттіктері жүгінеді. «Алайда оған нақты дереккөз ретінде қарауға болмайды. Тек мәлімет жинауда, ақпарат жазуда жәрдемші құрал ғана»,-дейді VІІ Халықаралық журналистика форумында сөз алған білікті журналист-сарапшылар.
Жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейдің медиа мамандары қатысты. Айтуларынша, жасанды интеллектінің журналистикаға енуі – заңды құбылыс. Ол ауқымды ақпаратты өңдеуді, алдын ала болжам жасауды жеңілдетеді. Дегенмен ақ пен қараны айырып, шынайы әрі нақты ақпарат беруде журналист өз түйсігіне жүгінуі керек.
Гүлмира Сұлтанбаева, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі:
- Технология барынша дамығанымен, ол адамның орнын баса алмайды. Не болмаса ол адамның кейбір қызметін жақсартса да. Алдағы уақытта қандай қатерлер бар? Ол – ақпараттық қауіпсіздік жағынан қатер. Бұл – коммерциялық құпиялар қатері. Сондай-ақ жеке, дербес мәлімет қатерлері. Қаржылық саладағы. Сонымен журналистикадағы контентті ұрлап, көшіру, өңдеу мәселесі. Сондықтан да әлем алаңдауда.