Хабар телеарнасы

Отандық 32 стартапер жобаларын қорғады

Бүгін отандық 32 стартап жоба авторы Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында жұмысын қорғады. Ол үшін арнайы елге АҚШ-тың Жаһандық инновациялар желісінің бас менторлары келген. Алдағы 4 айда шетелдік және қазақстандық мамандар жобаны қорғау, сату және инвесторлар тарту бойынша жоба авторларына білім береді. Ал идеялардың басым бағыты – экологиялық мәселелерді шешу, су тапшылығын болдырмау және қоқыс сұрыптайтын жобалар жайында. Жыл соңына қарай 5 жеңімпаз Австрияда бағын сынайды.

Мамандардың айтуынша, бұл шетелдік инвесторларды тартуға болатын үлкен мүмкіндік. Ал Қазақстан Орталық Азиядағы осы бағдарламаға қатысып жатқан жалғыз ел.

Олжас Әлтаев, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы департаментінің басшысы:

- Оқу беретін біздің партнеріміз Америкадан келген NGI компаниясы. Өздерінің методикасы бар. Стартаптарды үйрететін, нарыққа шығаратын. Олар стартаптармен бірнеше жыл жұмыс істейді. GCIP бағдарламасының негізгі партнері болып саналады.

Нұрай Махамбетәли, стартап жоба авторы:

- Бұның шешетін басты мәселесі ол өнімдердегі ГМО санын азайтып, таза, пайдалы тағамдарды халыққа, әсіресе жастарға табыстау. Африка елдерінде су жетіспеушілігі байқалып келе жатыр. Біздің моделдің басты ерекшелігі суды сақтайды, өсімдіктерді жәндіктерден қорғайды.