Қазақстанға Қатардан 20 млрд доллар инвестиция келеді
Шетелдік инвестор еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірін сатып алмақ. Одан бөлек екі бірдей байланыс операторы катарлықтардың қолына өтеді. Мәжіліс қос ел арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялады. Ал бұл бізге не береді?
Дамир Берікұлы, тілші:
- Қазақстанға Қатардан 20 млрд доллар инвестиция келе жатыр. Үкімет мүшелері Мәжіліс депутаттарын осылай сүйіншіледі. Қатарлықтар біздің елде 9 ірі жобаны жүзеге асырмақ. Олардың дені энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Мәселен, арабтар Қашағанда 3 бірдей газ өңдеу зауытын салады. Үкіметтегілер осы арқылы елдегі тауарлы газ өндірісі 18%-ке өсетінін айтады. Катарлықтар тек зауыт салмайды. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысын аяқтап, «Қостанай-Ақтөбе» магистральды газ құбырын жаңадан жүргізеді.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:
- Жоба Қостанай қаласы мен Қостанай облысының тұрғындарын газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын арттыруға бағытталған. Жергілікті кәсіпорындарды газбен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады.
Сондай-ақ катарлық инвесторлардың көмегімен Қызылорда облысында жаңа электр станциясы және Ертіс өзенінде су электр станциясы тұрғызылмақ. Барлық 9 жобаны жүзеге асыру барысында 14 мың адам жұмыспен қамтылады, - дейді Үкімет мүшелері. Бірақ олардың дені шетелдіктер боп кетпей ме?
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз білеміз, Катар мемлекеті бүгінгі таңда білім саласы бойынша, оның ішінде энергетика саласындағы мамандарды даярлау бойынша алдыңғы қатарда. Осы жобаларды жүзеге асыру кезінде кадрлық қамтамасыз ету саясаты қалай болады?
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, Катар компаниялары елімізге санаулы жетекші менеджерлерін ғана алып келеді. Қалған мамандар Қазақстаннан тартылмақ. Бірақ депутаттарды алаңдатқан мәселе бұл ғана емес.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Келісімшарттың 2-бабында салық режимі Қазақстан заңдарына тәуелді емес деп жазылған. Ал бұның 1-бабында қосымша салық преференциясы қарастырылады деп жазылған. Енді келіп жатқан инвестиция Қазақстанның заңдарына бағынбайтын болса, біз ертең ол экономикалық процесті қалай бақылаймыз?
Мұны Үкімет мүшелері «инвесторларға берілетін жеңілдік», - деп түсіндірді. Әйтпесе елге инвестиция тарту қиын болады, - дейді. Ал шетелдік ұялы байланыс операторы мен банктің келуі – Президенттің Жолдауда жүктеген міндеттері. Себебі, аталған салаларда ашық бәсекелестік жетіспейді.
Дамир Берікұлы, Дархан Күнтуов