Президент Жазушылар одағын мерейтоймен құттықтады
Жазушылар одағы жанынан арнайы сараптама комиссиясы құрылуы мүмкін. Оған қоса, мемлекет қаржыландыратын көркем әдебиет баспасын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты шарада айтылды. Жиын қазақ ақын-жазушыларымен қоса, әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік зиялы қауым өкілдерінің басын қосты. Олардың қатарында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы, Түркия, Әзербайжан, Қытай, Қырғыз елдерінен Жазушылар одағының басшылары бар. Барша қаламгерлерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Ел президентінің жылы лебізін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
-Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Атап өтейік, Қазақстан Жазушылар одағының тарихы 1934 жылдан басталады. Содан бері ақын, жазушылар, драматургтар, аудармашылар бастаған зиялы қауым өкілдері қазақтың төл әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта еліміздегі ең ірі шығармашылық бірлестікке айналған. Оның мыңнан астам мүшесі бар. Одаққа қарайтын «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор», «Жалын» журналдары өнер мен әдебиеттің жаршысына айналды. Бүгінгі жиында одақ төрағасы Мереке Құлкенов бірнеше ұсыныс айты. Мәселен, одақ жанынан арнайы сараптама комиссиясын құру, мемлекет қаржыландыратын көркем әдебиет баспасын ашу туралы бастама көтерді. Басты мақсат - әдебиеттің деңгейін жаңа биікке көтеру.