Хабар телеарнасы

Қазақстанда тұңғыш рет Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы өтіп жатыр

Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90%-тен астамы халық үшін мобильді құрылғылардан қолжетімді. Қазақстан әлемде цифрлық даму жағынан 30 мемлекеттің қатарында. Онлайн қызметтер бойынша 8-ші орында. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Азия–Тынық мұхиты министрлік конференциясында айтты.

Астанада ұйымдастырылған жиын 80 жыл бойы тек Бангкокта өтіп келген. Ал елордаға келген 30-дан астам елдің IT министрлері, сарапшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері саладағы мәселелерді талқылады. Оларға еліміздегі e-Gov электронды порталы және E-Otinish жүйесі көрсетіліп, апат қаупін азайту, өнеркәсіп және сауда, ауыл шаруашылығы саласындағы 27 жоба таныстырылды.

Жаслан Мәдиев , ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Бұл жиын жаңа технологияларды дамытып, ірі Big Tech компанияларын тарту үшін және IТ-шешімдерді әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Ал Astana Hub халықаралық технопаркі шешуші рөл атқарады. Одан бөлек, 400 шетелдік компания үшін қолайлы инвестициялық ахуал қамтамасыз етілді.

Армида Салсия Алишахбана, АТМЭӘК-тің атқарушы хатшысы:

- Бүгінгі жиын тек Қазақстан үшін ғана емес, АзияТынық мұхиты аймағынан жиынға келгендер үшін тиімді кездесу. Дегенмен Қазақстан аз уақыттың ішінде технологиясы тез дамыған жасанды интеллект бойынша жастарды дайындап жатқан мемлекет. Оның ішінде Астана хабтың жұмысын айтуға болады.