Хабар телеарнасы

ШЫҰ саммитіне дайындық қалай жүргізіліп жатыр?

Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізіледі және террористік қауіптің «сары» деңгейі жарияланады. Алаңдауға негіз жоқ, ерекше құқықтық тәртіп Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының саммитіндегі қауіпсіздікті күшейтумен байланысты. Құқықтық режим 2-ші және 4-шілде аралығында саммит өтетін нысандар аумағына және жоғары дәрежелі меймандардың жүру бағыттарына орнатылады.

Астана тұрғындары соңғы бірнеше күн бойына қала көгін көктей ұшып жүрген жауынгерлік ұшақтар шоғырын тамашалады. Бұл біреуге қызық болса, түсінбеген кей елдің мазасы қашқан. Сол себепті еліміздің қорғаныс министрлігі арнайы хабарлама таратты. 

ҚР Қорғаныс министрлігі: «Ағымдағы жылы, 28-маусымнан 1-шілдеге дейін Қарулы күштер авиациясының ұшақтары қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жаттығулық ұшулар өткізеді. Астана тұрғындары мен қонақтарын өткізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарауларын сұраймыз». 

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Астанадағы саммитіне 16 елдің мемлекет басшысы және халықаралық ұйымдардың төрағалары, оның ішінде БҰҰ-ң бас хатшысы Антониу Гутерриш келе жатыр. Алқалы жиынға ағылатын делегациялар көші өз алдына, ұзын-ырғасы 10 мың адам елордаға жиналады. Елорданың әуе күзетінен бөлек, полиция да күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.

Эльдар Данияров, Астана қаласы бойынша полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

– Қалаға кіре берісте полицияның Рубеж стационарлық бекеттері жұмыс істейді. Онда азаматтардың құжаттары мен көліктегі тиым салынған заттардың бар жоғы тексерілуде. Автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Делегациялардың арнайы колонналары өту кезінде елорданың магистралдық көшелердегі қозғалыс уақытша шектелетін болады.  Сонымен қатар азаматтардың қалаға кіруі мен шығуы бойынша қандайда бір шектеулер қарастырылмаған

Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне 10 ел қатысатынын нақтылады. Олар Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғыз республикасы, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан  және Беларусь. Бұдан бөлек ШЫҰ-мен диалог жөніндегі серіктестер және бар.

Олардың ішінде Әзербайжан, Армения, Бахрейн, Мысыр, Қатар, Кувейт, БАӘ, Сауд Арабиясы, Түркия сияқты іргелі мемлекеттер бар. 

Сондай-ақ Азиядағы өзара келісім шаралары ұйымы, ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Еуразиялық экононмикалық комиссия, ТМД сияқты ондаған халықаралық ұйым өкілдері бар. Шанхай Ынтымақтастық ұйымының ауқымын мына сандардан байқауға болады: Ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы халық саны 3.5 млрд адам. Бұл әлем халқының 45 пайызы. Жер аумағы 35 млн шаршы шақырым. 4 ядролық держава осы ұйымға мүше, әлемнің екінші және үшінші экономикасына ие елдер де осы ұйымда. Хош, жарты әлем Астанада жиналып нені талқылайды, деген қарапайым адамның сұрағына сарапшылар не дейді?

Игорь Шестаков, саясаттанушы:

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасында ең тәжірибелі дипломат екенін ескерсек, саммит барысында Қазақстан президенті аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, климатты жақсартуға және су ресурстарына қатысты бірқатар бастама көтереді деп ойлаймын.

Саммитің Астанада өтуі Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы мен беделін көрсетеді. Энергетикалық қауіпсіздік, логистикалық жобалар, су ресурстарымен қамтамасыз етуге арналған жаңа бастамалардан бөлек, дәстүрлі экстремизм, терроризм және қару мен заңсыз есірткі айналымы да жиынның күн тәртібінде.

Равшан Назаров, саясаттанушы:

- Астанада өтетін саммитте Шанхай ынтымақтастығы ұйымының дамуына ерекше әсер ететін маңызды құжаттар қабылданады. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық бағыттағы бастамаларға тың серпін беріледі деген ойдамын. Мәдени-гуманитарлық байланысқа да баса мән беріледі. Менің ойымша, Қазақстанның ұйымға төрағалығы табысты әрі жемісті болды. Ол ұйымның дамуына айрықша үлес қосты.

Олжас Бейсенбай, саясаттанушы:

- Бұл жерде Қазақстан тек қана Қытай Ресей сияқты ірі мемлекеттердің инициативасын қабылдаушы емес, өз инициативаларымен шығатын орта держава ретінде көрсетіп отыр деп айтуға болады. Яғни ол 25-27 жылдарға арналған терроризмге қарсы стратегияны қабылдау, одан кейін 2030-жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясын қарастыру одан кейін мына наркотрафикке қарсы стратегиясын қабылдау және де ең маңыздысы қауіпсіздіктің әділетті формуласын ойлап табу бойынша инициативамен шықты. Сондықтан ол да мына Астана деклрациясының ішіне енеді деген ойдамыз

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Саммитте 20 дан астам маңызды құжат қабылданады деген жоспар бар. Сарапшылар әсіресе ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы, алдағы 6 жылдағы энергетикалық ықпалдастық, 25-27 жылдарға бағдарланған терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы іс-қимыл бағдарламасын атап өтуде. Басты құжат - Астана декларациясында Қазақстан мен Орталық Азияның күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелер қамтылуы керек

Автор: Берік Дүйсенбай.