Хабар телеарнасы

Бір әулеттен 27 мұғалім шыққан ұстаздар династиясы

438 жыл. Бұл – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы ұстаздар династиясының жалпы еңбек өтілі. Бүгінде Тұрғановтар отбасының үшінші буыны білім беру саласында қызмет істеп жүр. Бір әулеттен 27 мұғалім шыққан.

Әулеттің ақылшысы – Жақсыбай ақсақал 82 жаста. Өзі де, жұбайы да саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Үш қыз бен жеті ұл тәрбиелеп өсірген. Перзенттерінің барлығы дерлік мұғалімдікті таңдаса, тек бір қызы ғана дәрігер мамандығын меңгеріпті. «Жас кезімде бірнеше мәрте лауазымды қызметтер ұсынылды. Бірақ ұстаз деген ұлы мәртебеден төмендегім келмеді»,– дейді Жақсыбай Тұрғанов.

Жақсыбай Тұрғанов, білім беру саласының ардагері:
-Ұстаз деген ең ардақты ұғым және халыққа қызмет етесің. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай бекер айтпаған. Ұлы Абайдың сөзі қазіргі қоғамға дәл келіп тұр.

Педагогтар отбасының ұлы Қанат Тұрғанов 30 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келеді. Ол тарих пәнінің жоғарғы санатты мұғалімі.

Қанат Тұрғанов, тарих пәнінің мұғалімі:
-Барлық шәкірттерім Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жатыр. Сондықтан осы – мамандықты таңдағаныма өкінбейтінімнің дәлелі әрі себебі деп білемін.

Жақсыбай Ақсақалдың қызы Гүлманат та ұзақ жылдар бойы ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып келеді. «Әр үйдің еркесін оқытумен қатар, тәрбиелеу – басты міндетім», – дейді ұстаз.

Гүлманат Тұрғанова, тарих пәнінің мұғалімі:
-Әрбір баланың келгендегі қас-қабағына қарап, соның жан-жүрегіне үңіліп, жанынан, жүрегінен жылу табуға тырысамын.

 Ұлағатты жолды ұрпақ сабақтастығына ұластырған кең керегелі шаңырақтың келіні, күйеу балалары, немерелері де білім саласынан алыстамаған. Бүгінге дейін бір әулеттен 27 мұғалім шыққан. Олардың жалпы еңбек өтілі 438 жыл.

Айман Абызова, математика пәнінің мұғалімі:
- Баланы да өсірдік, мектепте де жұмыс істеп жатырмыз. Қазір мектепте барлық жағдай жасалып жатыр, мұғалім мәртебесі заңы да көтеріліп жатыр.

Адамзат алдындағы ең жауапты жұмыстың жүгін арқалау оңай емес. «Біз елдің ертеңін тәрбиелеп жатқанымызды терең түсінеміз», – дейді ұлағатты жандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбат Байділдаев