Астанада жас кітапханашылар сайысы өтті
Жасанды интеллектіні кітапханашылар да меңгеруі тиіс.
Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханада жас кітапханашылар сайысы өтті. Тың технологияны игерген қатысушылар кітапханаға енгізген жобаларын таныстырды. Бірі кітап қорын цифрландыруға атсалысса, енді бірі кітапхана ісін жүйелеп, жеңілдетуде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін қолданған. Осы арқылы ұйымдастырушылар кітапханашылардың да жаңашылдықтан тыс қалмағандығын көрсеткісі келеді. Әрі өскелең ұрпақты кітапханашы болуға үндейді. Себебі соңғы жылдары жастар арасында аталған мамандыққа деген қызығушылық төмендеп барады.
Елімізде 20 мыңнан астам кітапханашы болса, оның көбі егде жастағылар.
Ғазиза Құдайбергенқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры:
- Қазір керісінше жалақылары көтеріліп жатыр. Жақында ғана Республика күнінде қызметкерлер пәтер алды, қызметтік пәтер. Оның өзі үлкен мотивация жастар үшін. Әлеуметтік жағынан осындай курстар тегін. Шетелге тәжірибе алмасу.
Рабиға Сайлаубекова, кітапханашы:
- Менің осы кітапқа деген сүйіспеншілігім кітапханашы мамандығына алып келді десем болады. Себебі ол жердегі маған жалпы кітапхананың аурасы, кітапхананың тыныштығы, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырамыз. Оның бәрі бізді педагог та, психолог та, әлеуметтік көмекші ретінде де барлық мамандықты игеріп тұрамыз.