Хабар телеарнасы

Астанада инклюзивті спорт фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Спорт жаңалықтары

Астанада инклюзивті спорт фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Спорт жаңалықтары

Алматыда тасжолдағы велоспорттан Азия чемпионаты аяқталды. 500-ге тарта спортшы жиналған жарыста Қазақстан құрамасы топ жарды.

Бұл сайысқа елдің атынан 18 велошабандоз қатысты. Ұлттық құрама өкілдері жалпы саны 6 алтын 3 күміс 6 қола медаль ұтып алды. Ересектер арасында Қазақстан аралас құрамасы эстафетада жеңіске жетті. Жекелей сында Евгений Федоров топ жарды. Жастар бәсекесінде Николай Винокуров пен Ақпейіл Өсім Азия чемпионы атанды. Жасөспірімдер жарысында Қазақстан құрамасы аралас эстафетада алтын алды. Жекелей сында Мария Елькина алдына жан салмады. 

Бақтияр Зайнутдинов басқа командаға ауысуы мүмкін. Қазақстан құрамасының футболшысы былтыр «Бешіктастың» жейдесін киген еді. Түркия клубы сапында жерлесіміз жалпы саны 42 матчқа қатысып, екі доп соқты.

Ақпарат құралдарының жазуынша 26 жастағы ойыншы енді өзіне жақсы таныс Ресей премьер-лигасына келеді. Қазақстандық футболшыға «Зенит» құда түсіп отыр.

Санкт-Петербург командасы «Бешіктаспен» Зайнутдинов бойынша келісімге келген көрінеді. Трансфер құны 4,5 млн еуроны құрайды.

Қазақстан құрамасының тағы бір ойыншысы Рамазан Оразов та команда ауыстырды. Биылғы маусымды «Ақтөбеде» бастаған футболшы енді Данияның «Силькеборг» клубында доп тебеді.

 26 жастағы жартылай қорғаушы Қазақстан премьер-лигасында 8 матчқа қатысып, екі нәтижелі пасымен көзге түсті. Оразов бұған дейін «Қайрат, «Тобыл» және «Ақсуда» ойнады. Латвияның «Даугавпилс» клубы мен Словенияның «Копер» командасы да Рамазанға жақсы таныс. Енді Дания чемпионатында бағын сынап көреді.

Астанада инклюзивті спорт фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Бесінші мәрте ұйымдастырылған жобаға Қазақстанның 23 қаласынан 400-ге тарта жеткіншек қатысты. «Бағдарламаның мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік ортаға бейімдеу, мүгедек жандарды спорт арқылы оңалту», - дейді жоба авторлары.

Қатысушылар жасы мен сырқатына байланысты түрлі топқа бөлініп, бірнеше спорттан сынға түсті. Фестивалдің ерекшелігі – жарысқа мүмкіндігі шектеулі жандардан бөлек, басқа жеткіншектер де қатысты. «Бұл балалар арасындағы достық байланысты нығайтады», – дейді жауаптылар.

Нұргүл Ұлжекова, «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ директоры:  

- Бейімдік жүзу, бейімдік каратэ, дзюдо, жеңіл атлетика, теннис, баччата, голбол осындай әртүрлі спорт түрлерінен 23 өңірдің балалары, ерекше балалары бір-бірімен сайысады. Бұл балаларға үлкен нәтиже береді. Ата-аналарға мотивациялық күш береді.

Сүмбіл Бектұрғанова, қала тұрғыны:

- Бұл балалардың өзіне сенімділігін арттыру үшін, өзін басқа балалардан кем көрмеу, сахнаға шыққан сайын бала өз-өзіне сене бастайды.