Алматыда туберкулёзбен және оның дәріге төзімді түрлерімен күресу жөніндегі өңірлік семинар басталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғалымдары туберкулёзге қарсы жаңартылған нұсқаулық дайындаған. Жетілдірілген тәсіл бұл дертті жедел анықтап, емдеу кезеңін жарты жылға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. 11 елден келген дәрігерлер семинарда осы саладағы тың әдістерді талдап, тәжірибе алмасады.
Қазақ дәрігерлерінің жетістігіне әлем мамандары қызығушылық танытып отыр. Нақтырақ айтсақ, елімізде туберкулёз заманауи тәсілмен 2 сағатта анықталады. Емдеу кезеңінде мемлекеттік қолдау жоғары, - дейді мамандар. Нәтиже де жақсы. Соңғы алты жылда елде туберкулёзге шалдығу көрсеткіші 27 пайыз төмендеп, одан болатын өлім-жітім де азайған.
Мәлік Әденов, ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры:
- Көп науқастар ауруханадан шыққаннан кейін әрі қарай емін амбулаториялық жағдайда жалғастырады. Соған мемлекеттік әкімшіліктер тарапынан әлеуметтік көмек көрсетіледі. Былтырғы есептің санымен санасақ, 98 пайыз біздің науқастарымыз амбулаториялық жағдайда емделіп жатқан кезде сондай көмек көрсетілген. Жалпы көрсеткілген көмектің мөлшері – 2,4 млрд теңге.